«Халықтық IPO» бағдарламасына қатысушы компанияларда тәуелсіз директорлар саны 50 пайызға дейін жететін болады

АСТАНА. 3 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстанда «Халықтық IPO» бағдарламасына қатысушы компанияларда тәуелсіз директорлар саны 30-дан 50 пайызға дейін артатын болады, деп хабарлайды «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ баспасөз қызметі pm.kz сайтына.

«Біз қатысушы компаниялардағы тәуелсіз директорлар санын 30-дан 50 пайызға дейін арттыратын боламыз. Біздің пікірімізше, бұл тиімсіз басқарушылық шешімдерін қабылдаудан сақтандыратын болады», - делінген қор хабарламасында.

Директорлар кеңесі құрамына тәуелсіз сарапшыларды енгізу қатысушы компаниялар базасында Тәуелсіз директорлар институтын құруға мүмкіндік береді, бұл оларға корпоративті басқарудағы жоғары деңгейге жетуді, ашықтық пен миноритарлық акционерлерді қорғауды қамтамасыз етеді.

Тәуелсіз директорлар компаниямен үлестес емес жоғары білікті мамандар қатарынан конкурстық негізде іріктеліп алынатын болады.

ҚР Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Халықтық IPO» бағдарламасы  қазақстандықтарға ірі ұлттық компаниялардың акцияларына ие болуға мүмкіндік беруге және елдегі қор нарығын дамытуға бағытталған.