"Халықтық ІРО" бағдарламасы бойынша саудаға түсетін акциялардың бағасы кез-келген адам үшін қол жетімді деңгейде болады - Питер Хауз

АЛМАТЫ. 26 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - "Халықтық ІРО" бағдарламасының нақты жүзеге асырылатын күні әлі белгіленген жоқ, деді "Самұрық-Қазына" АҚ-ның Басқарушы директоры Питер Хауз бүгін Алматыда өтіп жатқан "Халықтық ІРО-ға бағалы қағаздар нарығының инфрақұрылымын дайындау" деп аталатын дөңгелек үстел жиынында.

"Біз "Халықтық ІРО" бағдарламасының жүзеге асыру уақытын 2012 жылдың 1-жартыжылдығы деп жоспарлап отырмыз. Онда акциясы саудаға салынатын компаниялар биыл жыл соңындағы аудит қорытындысы бойынша анықталады. Олар одан кейін бүкіл ел аумағын аралап, немен айналысатынын, қандай жоспарлары мен стратегиясы бар екені жөнінде таныстырылымдар жасайды", - дейді П. Хауз. Оның айтуынша, бұл шара кезінде қажетті инфрақұрылымдар дайындау қатар жүргізіледі. Адамдар қайда барып есеп шот ашуға болатынын және акцияларды қалай сатып алу керектігін және бұл қызметтің қанша тұратынынан хабардар болуы қажет. Барлық адам бірден ұзын-сонар кезекке тұрып қалмас үшін есеп шот ашу үдерісі 3-4 ай бойы жүргізілмек. "Самұрық-Қазына" АҚ-ның Басқарушы директорының сөзіне қарағанда, "Халықтық ІРО" бағдарламасының 1-кезеңіне 3 компания қатысады деп жоспарлап отыр. Олар - ҚазТрансОйл", "KEGOC", "Эйр Астана" АҚ-дары болмақ. Ал олардың қатарына 2013 жылы «ҚазТрансГаз», «Самұрық-Энерго», «НМСК «Казмортрансфлот», 2014 жылы «Қазақстан темiр жолы», «Қазтеміртранс» қосылуы мүмкін.