«Халықтық ІРО» бағдарламасын іске асыруға арналған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды - Сенат

АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қор нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.

Аталған заң жобасы «Халықтық ІРО» бағдарламасын іске асырудың заңнамалық базасын жасау үшін әзірленген. Бұл ретте құжат бойынша жеті заңнамалық актіге, оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, корпоративтік нормаларды белгілейтін және бағалы қағаздар рыногын реттейтін заңдарға, сондай-ақ көлік саласы мен табиғат пайдалану мәселелерін реттейтін заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді. Атап айтқанда, кодекске «Халықтық ІРО» бағдарламасына қатысу шеңберінде алынған кірістер бойынша салық есептеген органға салықты уақытылы ұсынбағаны үшін айыппұл мөлшерін азайтуды көздейтін өзгерістер енгізіледі. Бұдан бөлек, қолданыстағы заңнамаларға «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ акцияларын жария орналастыру үшін және «ҚазМұнайГаз» АҚ мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ акцияларын жария орналастыру үшін жағдай жасау бөлігінде өзгерістер енгізу ұсынылады.

Ал «Акционерлік қоғамдар туралы» заңға акциялары «Халықтық ІРО» бағдарламасы шеңберінде өткізілетін акционерлік қоғамдарға қойылатын жекелеген талаптарды алып тастау бөлігінде, жария компаниялардың осы қоғамдарды мойындауы үшін өзгерістер енгізіледі.

Атап өтерлігі «Халықтық ІРО» бағдарламасына қатысатын эмитентке акцияларды осы бағдарлама шеңберінде шетелдік азаматтарға немесае заңды тұлғаларға, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдарға сатуға тыйым салынады. Ал «Самұрық-Қазына» қорының Директорлар кеңесіне Қор торабына кіретін ұйымдар акцияларының бағасы, саны және оларды орналастыру құрылымы туралы шешім қабылдау жөнінде заңды құзырет беретін болады.

Заң жобасы екінші оқылымға әзірленетін болады.