Бұл туралы бүгін «Халықтық ІРО» бағдарламасына қатысудың талаптары мен тәртібін түсіндіру бойынша елордалық активтің қатысуымен болған кеңесте ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаменті басқармасының бастығы Сержан Әлібаев мәлім етті.
«Осы бағдарламаға қатысу бойынша әр азамат өзі шешім жасайды. Атап айтқанда, бағдарлама аясында акцияларды иеленген азаматтар ұдайы өздерінің қаржылық сауаттылығын арттырып отыруы тиіс, яғни осы бағалы қағаздарға қатысы бар сайттар мен басқа да дерек көздерінен ақпарат алу керек, сондай-ақ компанияның қызметі мен нарыққа талдау жасап отыру қажет. Бұл өз кезегінде нарықтағы жағдай бойынша тиісті әрекет етуге көмектеседі»,-деді ол.
Осы орайда С. Әлібаев мемлекет азаматтардың қаржылық жағдайын арттыруға мүмкіндік беретін жаңа қаржылық тетікті ұсынып отырғандығын, алайда ол үшін жұмыс істеп, бұл тұрғыда қаржылық сауаттылық пен құнды қағаздар нарығына талдау жасауды ескеру керектігін баса айтты.
Айта кетейік, әкімдіктегі осы кеңеске ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің, «Самұрық-Қазына» қорының, ҚР Ұлттық банкінің және Қазақстандық қор биржасының мамандары бағдарлама бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Естеріңізге сала кетейік, «Халықтық ІРО» бағдарламасы - қазақстандықтарға ірі ұлттық компаниялардың акцияларына иегер болуға мүмкіндік беретіндей еліміздің азаматтарына бағалы қағаздарды жаппай сатуға ұсыныс жасауға негізделген.