Сауал барысында депутат жақында экранға шыққан ресейлік «Поддубный» фильмі бірқатар ТМД елдеріне, соның ішінде Қазақстанда әр түрлі пікірлер туғызғанын атап өтті.
«Мен бұл саланың білгір маманы емеспін. Мамандар барлық мәселенің мән-жайын анықтап жатар. Ал біздің сауалымыз атақты балуан және қазақ халқының батыр ұлы - Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімін мәңгі есте қалдыруға байланысты болып отыр. Ұлт батыры жерленген Оңтүстік Қазақстандағы спортты қадірлейтін азаматтардың балуанның мұражайын ашуы мақтауға тұрарлық іс. Ал осы қараша айында Талапкер ауылдық округінің жұртшылығы өзі туып өскен ауылда ұлы тұлғаның ескерткішін орнатты. Талапкер - Астана төңірегіндегі елді мекен. Бұл да атап өтуге тұрарлық жайт. Алайда, ұлт мақтанышына айналған Қажымұқанның ескерткіші Астанада неге жоқ?» - деді Т. Кенжин.
Оның айтуынша, аталған шара Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында, Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында маңызды мәселе екені сөзсіз. Өйткені, ұлт батыры Ұлы Отан соғыс жылдарында өз қаражатына ұшақ жасатқаны тарихтан белгілі.