Халықтың әдебиетке деген сұранысы қайта артып келеді-О. Сүлейменов

АЛМАТЫ. 17 мамыр. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Халықтың әдебиетке деген сұранысы қайта артып келеді. Бұл пікірлді ақын Олжас Сүлейменов бүгін Алматыдағы Ұлттық кітапханада өзінің 75 жылдық мерейтойына арналып өткізілген жыр кешінше айтты.

«Соңғы 20 жылда халықтың әдебиетке деген сұранысы төмендегенімен, қазір қайта артып келеді. Мен әлемдегі әдебиеттің өрлеуімен қатар елдегі жағдайға да бағдар жасап отырамын», - дейді Олжас Омарұлы.

Ақын сондай-ақ елімізде бұрын кітапты оқырмандар іздеп жүріп оқитындығын, ұлы ақындар мен жазушылардың дәуірі болғандығын айтып өтті. «Түске дейін ҚазҰАУ-дің студеттерімен кездесіп, олардың оқыған өлеңдерінен толғанып, жақсы әсерде шықтым. Жастардың өлеңімді әлі де сүйіп оқитындығына куә болып, тек гуманитарлық мамандықтың емес, аграрлы салада білім алып жатқан студенттердің де поэзияға деген құлшынысын, талантты жастарды көріп қуанып шықтым», - дейді О.Сүлейменов.

Сонымен қатар ақын бүгінгі кешті туған күніне сыйлаған үлкен сый ретінде қабылдайтындығын да атап өтті. «Жалпы туған күнімді тыныш жерде, ақ парақ және қаламмен қарсы алғанды ұнатамын», - дейді ақын.

Кеш барысында Ұлықбек Есдәулет, Алмат Исәділ және тағы басқа танымал ақындар О.Сүлейменовтің өлеңдерін оқып, кешті одан әрі қыздыра түсті.

Ұлттық кітапханада өткен аталған кешті өзінің құттықтау сөзімен ашқан Мұрат Әуезов ақынның атқарған ерен еңбектерін атай келіп, оған зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі. "Бүгін барлығымыздың есімізде қалатын ерекше күн болайын деп тұр. Өйткені көрнекті ақын Олжас Сүлейменов 75 жасқа толып отыр", - деді ол.