Халықтың аз қорғалған топтарына атаулы әлеуметтік көмек арқылы қолдау керек - Президент

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада өтіп жатқан ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев азық-түлік тауарларының бағасына қатысты мониторинг жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

«Әлеуметтік маңызы бар көптеген тауар түрлері бойынша бағаның өсуін байқап отырмыз. Осыған байланысты Үкімет пен әкімдер бірінші қажеттіліктегі тауарлардың бағалары бойынша мониторинг жұмыстарын жандандыруы керек, әсіресе азық-түлік тауарларына қатысты. Қажет болған жағдайда халықтың аз қорғалған топтарына атаулы әлеуметтік көмек арқылы қолдауды қамтамасыз ету керек»,-деді Президент.

«Қазақстанда өндірілген өнімдерге бағаны көтеруге қандай негіз бар? Бірнеше жылдан бері азық-түліктің импортын қысқарту жайында айтып келеміз. Сен маған айттың ғой «80 пайызға (отандық азық-түлікпен) қамтамасыз етіп отырмыз» деп. Осы 80 пайыз дүкен сөрелерінде болу керек, яғни бағаны өсіруге негіз жоқ қой»,-деді Елбасы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековке қаратып айтқан сөзінде.

Осы орайда Мемлекет басшысы бұл бағытта елеулі жұмыстар атқарылғанын, ауыл шаруашылығына қомақты қаржы жұмсалғанын атап өтті.