Бүгінде ұлысаралық бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық үлгісі еліміздің төлқұжатына айналды. Бұл республикамызға мәдениеттер жақындауының онжылдығын өткізуге бастамашы болуға мүмкіндік берді.
Халық бірлігі - мемлекеттің даму жолында алға қойған мақсаттарына жетуге тұрақты қозғалысты сақтап тұратын басты фактор.
Сонымен қатар, 2010 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен Халық бірлігі доктринасына айналған ұлттық идея да біріктіруші қызмет атқарады. Ол басты үш принципке негізделген. Бірінші принцип - «Бір ел - бір тағдыр», әрбір азамат пен оның Отаны - Қазақстан Республикасының тағдырының біртұтастығын түсінуге негізделген. Біздің ұлттық бірлігіміз, этникалық шығу тегімізге қарамастан, өзімізді Қазақстанмен және оның болашағымен байланыстыруға негізделеді.
Доктринаның екінші принципі - «Әр түрлі тектен шығу - тең мүмкіндіктер» - барлық азаматтардың этникалық шығу тегіне, сеніміне және әлеуметтік жағдайына қарамастан мүмкіндіктері бірдей екенін білдіреді.
Үшінші принцип «Ұлттық рухтың дамуы» - қазіргі заманда әлемде біздің бірлігімізді берік қылатын, қоғамның рухани негізі болып табылатын ұлттық құндылықтарға (тіл мен мәдениетті құрметтеу, отбасы, ұрпақтар байланысы, отансүйгіштік пен толеранттылық) сүйенудің қажеттігіне назар аударады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы аясында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедрасында көптеген іс-шаралар өткізу жоспарланған. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚХА депутаттық тобының мүшелері Жұматай Әлиев және Юрий Тимощенко, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаев және тағы басқа көрнекті қоғам қайраткерлерінің дәрістері ұйымдастырылады.
Ассамблеяның мерейтойы еліміздегі бірлік пен келісімді сақтау үшін аталмыш қоғамдық институттың зор әлеуетін пайдалануға және жаңа мақсаттарды айқындауға бірегей мүмкіндік береді.