Халықтың көпшілігі адам құқықтарын қорғау жөніндегі ұйымдарды біле бермейді - «Медиа-Орталық» басшысы

АСТАНА. Қарашаның 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстандық қоғам арасында халықтың көпшілігінің адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық ұйымдарды білу деңгейі төмен. Бүгін елордада  «Қазақстандық әділ сот жүйесіндегі халықаралық нормалардың қолдану аясында тәжірибе алмасу» тақырыбында өткен семинар барысында «Медиа-Орталық» Қоғамдық қорының директоры Диана Окремова  осылай мәлім етті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қоғамдық қор жетекшісінің айтуынша, жұртшылық арасында адам құқы саласындағы халықаралық нормаларды білу деңгейін айқындау мақсатында арнайы әлеуметтік зерттеу жүргізілген. Бұл зерттеу еліміздің 7 өңірін қамтып, оған 700-ден астам адам қатысқан. Жалпы зерттеу қорытындысына сәйкес сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігінің еліміздегі адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық ұйымдарды білу деңгейі өте төмен болып шыққан.

«Сонымен бірге, сұралғандардың 53 пайызы қазақстандық заңнамалардың халықаралық стандарттарға ішінара ғана сәйкес деп жауап берсе, 13 пайызы адам құқықтары жөнінде халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді, 19 пайызы мүлдем сәйкес емес, деп жауап берген. Зерттеу нәтижесі қазақстандықтардың көпшілігі өздерінің құқы тапталған жағдайда қандай халықаралық инстанцияларға жүгінуге болатындығын білмейтіндігін көрсетті. Мәселен, сұралғандардың 33 пайызы Еуропалық Страсбург соты деп көрсетсе, тағы бір 33 пайызы Қазақстанға, тіпті адам құқы саласына қатысы жоқ ұйымдарды атаған. Ондай ұйымдардың бар-жоғы да белгісіз», деді Д. Окремова.