Заңгер Роза Өміртайдың айтуынша, аталған заңда бұған дейін анықталмаған мәселелер анықталып берілген. «Мәселен, Қазақстан азаматтығын алмаған қандастарымыз этникалық қазақтар, ал, азаматтығын рәсімдеу үстіндегілер оралман, азаматтық алған кезден бастап Қазақстан азаматы саналады. Оралмандар квотамен келгендер және квотасыз келгендер деген санатқа бөлінген. Сондай-ақ оралман мәртебесін алу мерізімі де бекітілген. Қай тұрғыдан алсақ та заңда бірқатар алға жылжу бар»,- деді заңгер.
Отырыс барысында аталған заңмен қатар басқа да заңдар сөз болды. «Бұрын «Азаматтық алу туралы» заң болатын. Кейін сол заңға өзгеріс енгізілген кезде «Этникалық қазақтарға жеңілдік жасау» деген бап алынып тасталды. Сол бап орнына келтірілуі керек», - деді ҚР Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев.
Отырыс барысында Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайында Елбасының шетелдегі қазақтармен байланыс жасау және олардың атажұртқа оралуын қамтамасыз ету туралы тапсырмасын жүзеге асыру мәселесі де талқыланды. Мәжіліске ҚР ІІМ, ҚР Сыртқы істер және ҚР Білім министрлігінің өкілдері, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстандағы қазақ орталықтарының жетекшілері қатысты.