Халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылу мәселелеріне қатысты заң жобасы талқыланды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілісте халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелеріне қатысты заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының алғашқы отырысы болып өтті.

Айта кету керек, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы Мемлекет басшысының 2014 жылғы 4 мамырдағы берген тапсырмасына орай әзірленген болатын. Үкіметтің заң жобасына берген түсіндірмесінде көші-қон заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жаһандану қатерлеріне және әлемдік дамудың тұрақсыздығына, сондай-ақ мемлекеттің ішкі дамуының жаңа кезеңіне және әлеуметтік-еңбек қатынастарын жаңғыртуға байланысты болып отырғаны атап өтілген.

Заң жобасын қабылдау мақсаты этникалық, ішкі көші-қон, шетелдік жұмыс күшін тартуды, заңнамалық деңгейде этникалық қазақтардың келуі мен қоныстануының бірыңғай шарттарын құруды, оларды қоныстандыру өңіріне қарай әлеуметтік қолдауды қамтамасыз етуді көздейді. Сонымен қатар оралмандардың басым өңірлерде қоныстануын ынталандыру, еңбек ресурстарын жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші аз өңірлерге қайта бөлу, сондай-ақ елге жоғары білікті мамандар тарту салаларындағы көші-қон саясатын жетілдіру қажет.

Жұмыс тобының жетекшісі, депутат Гүлнәр Сейітмағанбетова бұл заң жобасының біздің қоғам үшін және көші-қон мәселелерін реттеуде маңызды екенін алға тартты.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, жұмыс тобының жетекшісі Гүлнәр Сейітмағанбетова отырысқа депутаттар және мүдделі министрліктер мен ведомство өкілдері қатысып отырғанын айтып өтті.

Жұмыс тобының мүшелері заң жобасын Салыстырма кестеге енген баптар бойынша жеке-жеке қарады. Бүгінгі күнге дейін салыстырма кестеге салалық комитеттер мен депутаттар ұсынған 140 түзету енгізілген.

Жұмыс тобының отырысына қатысқан Мәжіліс депутаттары Үсенгелді Медеуов, Құттықожа Ыдырысов, Алмас Тұртаев, Гүлмира Исимбаева, Майра Айсина, Ольга Киколенко, Надежда Петуховалар салыстырма кестеге енгізілген түзетулерді сарапқа салды. Депутаттардың заң жобасын талқылауда және ұсыныстар беруде белсенділік танытып отырғанын атап өту қажет.

Жұмыс тобының келесі отырысы алдағы аптаның бейсенбі күні жалғасын табатын болды.