Халықтың нақты табысын көтеру: Сағынтаев өңір басшыларынан жауап алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев нақты ақшалай табысы бойынша төмен нәтиже көрсеткен өңірлерді сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов келтірген деректерге сәйкес, жыл басынан бері  Алматы, Маңғыстау Қызылорда облыстары мен Алматы қаласында халықтың нақты ақшалай табысы азайған.

«Біздің көрсеткіштеріміз жыл соңына дейін орындалады. Былтырғымен салыстырғанда кейбір кәсіпорындарда өндіріс көлемі төмендеді, бірақ жыл соңына дейін бұл көрсеткіштер жақсарады деп болжап отырмыз. Екі айдың ішінде жағдайды дұрыстауға тырысамыз», - деп жауап берді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Үкімет басшысы облыс әкіміне бір ай ғана уақыт қалғанын айтты.

«Елбасының қойып отырған талабы - бірінші кезекте халықтың нақты табысын көтеру.  Өңірлерге әдейі сұрақ қойып отырмын. Әр айдың қорытындысы бойынша есеп бергенде, алдымен осыған көңіл бөліңіздер», - деп ескертті Премьер-Министр.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек статистикалық деректе қате кетті деп түсіндірді.

«Жалпы, нақты табыс бойынша екінші тоқсанда өсім байқалады. Қате кеткен шығар. Статистика басшысы қасымда отыр. Алатау ауданында - 4,5%, Алатау ауданында - 0,6%, Әуезов ауданында - 5,8%, Жетісу - 5,1%, Медеу - 100% өсім бар. Бізде төмен тартып отырған тек жаңадан қосылған Наурызбай ауданы. Жалпы бюджет игерілімі жыл соңына дейін 100% жетеді», - деді Бауыржан Байбек.

Сонымен бірге, Үкімет басшысы Қызылорда және Маңғыстау облыстарының әкімдерін тыңдап шықты және жауапқа көңілі толмағанын жеткізді.

«Шын мәнінде, жауаптарыңыз жоқ. Бәрі сол «статистиканың мәліметі дұрыс емес» деген әңгімеге тіреледі. Болмаса, орташа жалақы жоғары дейсіздер.  Ал халықтың нақты табысы төмен. Оған не себеп? Соған алдау жасау керек. Бұл бірінші кезекте құзыретті органдар: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен жергілікті әкімдіктердің жұмысы. Келесі жолы 11 айдың қорытындысы бойынша отырыста барлықтарыңыз осы сұраққа жауап беруге дайын болыңыздар», - деп тапсырма берді Бақытжан Сағынтаев.