«Президенттің әкімдермен, Үкіметпен мұндай кеңесті жиі өткізуі қалыпты, жұмыс барысындағы дүние. Дегенмен, Президенттің не айтқаны қызықты екені сөзсіз. Ал оның айтқан дүниелерінен біз өзге саяси және әлеуметтік шынайлықта өмір сүріп жатқанымызды бәрі бірдей түсіне қоймағанын, әлі де болса ескі Қазақстанда, ескірген әдістермен әрекет жасайтындығын байқауға болады. Сондықтан Президент өзгеру керектігін, басқаша жұмыс істеу қажеттігін, бұлай өмір сүруге болмайтындығын айтып отыр. Бұл ретте ескерткіштер жайында айтып отырмын. Олар қандай да бір жекелеген өңірге емес, бүкіл елге зиянын тигізеді. Бөлінгеніміз, өңірлік, шет аймақтық тарих жасағанмыз жетер. Мұның үстіне ол орынсыз да», - деді Еркін Тұқымов ҚазАқпарат тілшісіне.
Сонымен қатар ол жаңа Парламент қуатты саяси институтқа айналуы тиістігін баса айтты.
«Қазіргі уақытта оған деген үлкен үмітіміз бар. Президент те әкімдерге бұл жайында бекер айтқан жоқ. Өйткені, өңірлерде парламенттік сайлау өтуі тиіс және ешқандай бұрмалаушылық болмауы керек. Барлығы әділ әрі ашық өтуі қажет. Біз тек парламенттік қана емес, сонымен бірге мәслихаттардың да сайлауын өткізуіміз керек. Бұл да маңызды саяси институт», - деді ол.
Еркін Тұқымов сайлаудан кейін Мемлекет басшысы ұсынуды жоспарлап отырған бастамаларға қатысты да ойымен бөлісті.
«Келесі бастамалар экономикалық салада болуы қажет деп санаймын. Қазіргі уақытта адамдардың жүзеге асырылып жатқан реформалардың нәтижелерін сезінуі маңызды. Екінші жағынан Президент саяси мәдениет қажет еккендігін нақты атап өтті», - деді институт басшысы.