Халықтың сайлаудағы белсенділігі артты - Мұхтар Манкеев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биылғы дауыс берушілердің белсенділігі өткен сайлаулармен салыстырғанда жоғары. Бұл туралы «Қазақстан - 2050» Жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен бүгін сайлауға ертерек, таңғы 8-де бардым. Халық аз болатын шығар деп ойладым, бірақ сайлаушылардың қарасы көп болды. Бұл мені таң қалдырды және сайлаушылар арасында 30-45 жастағы тұрғындар отбасымен жиі кездесті. Осы көрінісімен ақ биылғы сайлау бұрынғылардан өзгеше болып отыр. Баяғыда сайлау учаскесіне таң атысымен зейнеткерлер барады деп ойлайтынбыз. Қазір халықтың сайлау белсенділігінің артқанын байқауға болады. Сайлаушылардың өзара диалогы да қызықты, позитивті, сындарлы болып көрінді. Сайлаушылар өзі үшін дұрыс таңдау жасады деп ойлаймын. Жалпы алғанда, халықтың басым бөлігі бүгін сайлауға қатысады деп ойлаймын», - деді М. Манкеев.

Оның пікірінше, дауыс беру құқығы бар тұрғындардың 80% дауыс береді.