Халықтың теңгеге деген сенімін арттыру қажет - Құлыбаев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Квазимемлекеттік сектордың қаржылық жағдайын қарастыру керек. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Халық депозиттері қалыпты деңгейде өсіп келеді. Алайда, өкінішке қарай долларландыру деңгейі бар. Яғни халық депозиттеріндегі жинақтың бір бөлігі доллармен сақталуда. Бұл тұрғыда халықтың теңгеге деген сенімін арттыру қажет», - деді ол.

Бұдан бөлек Т. Құлыбаев заңды тұлғалар депозиттеріне тоқталды.

«Ең үлкен депозиттер квазимемлекеттік секторда. Шынын айтқанда, квазимемлекеттік сектордың қаржылық жағдайын қарастыру керек. Себебі біз үнемі қандай да бір ресурстарды қолдауға бөлеміз. Қаржылық жүйеде 6 трлн теңгеге тарта қаржы квазимемлекеттік сектор депозиттері екенін көріп отырмыз. Бұл мемлекеттік қаржы ғой. Себебі осы сомалар қысқа мермізді депозиттерде жатыр және олар қорландыру негізі мен экономиканы жаңғыртуға тиісті деңгейде ықпал ете алмайды. Дегенмен де олар экономиканы жаңғыртумен айналысу үшін даму институттары ретінде құрылған еді», - деді Тимур Құлыбаев.

Бұған дейін хабарланғандай, ҰКП төралқасының төрағасы несие алушылардың көбеюіне алаңдаушылық білдірген болатын.