Халықтың туберкулез дертіне шалдығуы 5,8 пайызға төмендеді

АЛМАТЫ. 2 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстанда халықтың туберкулез дертіне шалдығуының көрсеткіші 2012 жылы 100 мың адамға шаққанда 86,6-дан 82,7-ге дейін 5,8 пайызға төмендеді.

Бұл туралы бүгін Алматыда туберкулездің алдын алу жөніндегі республикалық айлықты және Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күнін өткізу қорытындысы бойынша болған баспасөз мәжілісінде айтылды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері жөніндегі ұлттық орталығының директоры Жамиля Баттақованың сөзіне қарағанда, жыл сайын туберкулезге шалдығатын адамдардың саны азайып келеді.

Дегенмен Қазақстанда туберкулезге шалдығу және оның салдарынан болатын өлім-жітім де ұзақ уақыттан бері мемлекеттік маңызға ие көкейтесті және шешімі қиын мәселе болып табылады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Туберкулез мәселелері жөніндегі ұлттық орталықтың директорыТілеухан Әбілдаевтың айтуынша, туберкулездің алдын алу жөніндегі іс-шаралар кешенін сәтті орындаудың нәтижесінде 2003 жылдан бастап республикада оның тұрақты төмендеп келе жатқаны байқалып отыр. 2012 жылдың қорытындысы бойынша осындай белгілерге жататын ауру-сырқау мен өлім-жітім көрсеткіші «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтау саласын дамыту мемлекеттік бағдарламасында белгіленген көрсеткіштерден төмен болды. Мәселен туберкулез дертінің салдарынан болатын өлімнің 100 мың адамға шаққандағы көрсеткіші 2011 жылы 8,4 пайыз болса, 2012 жылы 7,2-ні құрап, 2,5 пайызға төмендеді.