Халықтың үні қызметін атқаратын Омбудсмен институты енгізілмек

АСТАНА. ҚазАқпарат – Халықтың үні қызметін атқаратын Омбудсмен институты енгізілмек. Бұл туралы Мәжілістің таратылған 7-шақырылым депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта тұтынушылардың құқығын қорғау жүйесінің тұтастығын қалыптастыруға және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңға заңнамалық түзетулердің екінші пакеті әзірленді», - деді вице-премьер жауабында.

Оның атап өтуінше, елімізде жылдан жылға арыз-шағымдардың көбейіп келе жатқанын ескере отырып, заң жобасының негізгі аспектілері келесі жаңашылдықтарға шоғырланған:

- Халықтың үні қызметін атқаратын және тұтынушылардың құқықтары бұзылған салалардың жүйелі проблемаларын тікелей мемлекеттің бірінші тұлғаларына жеткізетін Омбудсмен институтын енгізу;

- Заңның негізгі қағидаларын, кәсіпкерлік субъектілері көрсететін қызметтердің барлық салаларына тарату;

- Егер кәсіпкерлік сотқа дейінгі тәртіппен бұзушылықтарды жоюдан бас тартса, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық мекемелердің пайдасына азаматтық іс бойынша сот өндіріп алған айыппұл түріндегі кәсіпкерліктің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі;

- Тұтынушы дауларын шешу алгоритмін көп сатылыдан 2 сатылыға дейін жетілдіру.

«Бұл іс жүзінде азаматтың сөзсіз сот қорғауына конститутциялық құқығын қалпына келтіреді», - деді Серік Жұманғарин.