***
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі саны елімізде өткен кезектен тыс президенттік сайлау оқиғасына арналған. Осы орайда басылымда «Бұл - зор жетістік» деген мақала берілген. Шетелдік байқаушылар елімізде өткен президенттік сайлауды жоғары деңгейде өтті деп бағалап отыр. Олардың мәлімдеуінше, сайлау барысында ешқандай кемшілік кездеспеген. Бұл ойды испандық байқаушылар да құптайды. Испания Сенатының депутаты Хосе Мария Чикильо - елімізге келген халықаралық байқаушылардың бірі. Ол алдымен президенттік сайлауға халықаралық байқаушы ретінде қатысуға шақырту алғаны үшін алғысын жеткізді. Оның айтуынша, сайлау кезінде ешқандай заң бұзушылықтар мен кемшіліктер тіркелмеген. «Бәрі де жоғары деңгейде өтті. Сондай-ақ, Қазақстанның әрбір азаматы өзінің дауыс беру құқығын жақсы біледі. Сайлауға оларды ешкім күштеп қатыстырып жатқан жоқ. Десе де, ел азаматтарының электоратты процеске деген қызығушылығы өте жоғары. Біз таңертеңнен бастап, бірнеше сайлау учаскесін аралап көрдік. Бәрі заң аясында жұмыс істеп жатты. Мені таңқалдырғаны - сайлауға жастардың белсенді қатысуы. Бұл нені көрсетеді? Әрине, сіздердің елдеріңіздегі демократиялық үрдістердің өз деңгейінде екенін аңғартады. Жастар өздерінің болашағына бейжай қарай алмайтынына куә болдық. Олар елдің ертеңіне сенеді. Қосымша тағы қосар ойым бар. Қазақстан қазір Азия елдері ғана емес, батыс мемлекеттері үшін де үлгі. Бұл - зор жетістік», - деді бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында Чикильо.
Бас басылымда «Сайлаудың алдын ала қорытындылары жарияланды» деген мақала көпшілік назарына ұсынылды. Кешегі өткен баспасөз мәслихатында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Президент сайлауының алдын-ала қорытындыларын жариялады. Ол бойынша Қазақстан халқының 95,22 пайызы сайлауға келіп, дауыс берген. Мемлекет басшысын сайлауға электораттың өте белсенді түрде қатысқанын Қ.Тұрғанқұлов айрықша атап өтті. «Егемен Қазақстан тарихында бірінші рет сайлаушылар өздерінің азаматтық ұстанымын, электораттық белсенділігін және елдің болашағы үшін саяси жауапкершілігін айқын көрсетті. Осыған, сондай-ақ, сайлау науқанын ұйымдастыру деңгейінің артқанына бірінші кезекте байқаушылар мен сарапшылар өздерінің түсініктемелерінде көңіл аударды», деді төраға.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, президенттік сайлаудағы Қазақстан көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ғаламат жеңісі - теңдессіз тарихи дерекке, талассыз өмір шындығына айналды. Бұл ешкімнің есігіне қарамайтын, өз шамасын өзі бағалайтын ұлы елдің ұланын ұлықтап, шарықтаған тұсы болатын. Кеше Астанадағы «Сарыарқа» стадионында осы айбынды жеңістің мерей-мәртебесін ары қарай асқақтатқан «Жеңімпаздар форумы» өтті. Оған қатысқан Елбасы барша қазақстандықтарға шын жүректен алғысын айтты. Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев 26 сәуірдегі сайлауда қазақстандықтардың кезекті рет бірлігін, тұтастығын паш еткендігін атап көрсетті. Бұл туралы мақала «Халықтың ықыласына ет-жүрегім елжіреді» деген тақырыппен жарияланды.
Осы басылымда «Елбасының сөзсіз жеңісі - тынымсыз еңбегінің жемісі» атты мақала берілген. Кеше Парламентте Мәжіліс төрағасының орынбасары - «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен арнайы жиын өткізді. Онда 2015 жылғы 26 сәуірде өткен кезектен тыс президенттік сайлаудың алдын ала қорытындылары қаралды.
Дариға Назарбаева сайлаудың алдын ала нәтижелері бойынша Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ғаламат жеңіске жеткенін атап көрсете келе, партиялас әріптестерін осы ортақ қуанышпен құттықтады.
- Елбасының сөзсіз жеңісі - оның халықтың игілігі жолындағы тынымсыз еңбегінің жемісі, бұл - әрбір қазақстандықтың өмір сапасын қамтамасыз етуге, мемлекетті дамытуға және Қазақстанның әлемдегі орнын нығайтуға бағытталған сарабдал саясатының нәтижесі! Қазақстанның дана халқы дұрыс шешім қабылдады, - деп атап өтті Дариға Назарбаева.
Жиналыс барысында Мәжіліс депутаттары - «Нұр Отан» партиясының мүшелері Қуаныш Сұлтанов, Майра Айсина, Николай Логутов, Бақытжан Ертаев, Сейітсұлтан Әйімбетов, Мұхтар Тінікеев және Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланған Мәжіліс депутаты Жұматай Әлиев сөз сөйледі. «Бұл президенттік сайлау - біздің еліміз үшін өте маңызды. Осы орайда сайлаушылардың іс басындағы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бағытын жалғастыру үшін берген дауыстары - Елбасына деген Қазақстан халқының жоғары сенімін білдіреді» деді партия Саяси кеңесі Бюросының мүшесі Қуаныш Сұлтанов.
***
«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында «Заплати налог на обретенную свободу» деген материал берілген. ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің сайтында «Оларды балалар іздестіруде» атты бөлім пайда болды. Онда өзінің баласына алимент төлеуден бас тартып жүргендер туралы толық мәліметтер орналастырылады.