«Халықтың жүрегінен шыққан, заман сынына төтеп берген Ата заң» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА.  31 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 31 тамыз, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Кеше Астанада Қазақ­стан Республикасының Конституциясы күніне арналған «Конституция - қоғам мен мемлекетті әлеуметтік жаңғыр­ту­дың негізі» атты халықаралық ғылыми-практикалық кон­ференция өтті. Алқалы жиын  жұмысына Республика Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып сөз сөйледі. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Халықтың жүрегінен шыққан, заман сынына төтеп берген  Ата заң» деген тақырыппен берілген.  «Біз ықы­лым замандардан ата заңына ба­ғына білген, ата заңын құрметтей білген елдің ұрпағымыз. Ата-бабаларымыз дала заңдарының білгірлері - билеріміздің билігіне сөзсіз бағынған. Тарихтан тағы­лым алған бүгінгі буын да игі дәстүрді жалғап, ұрпақ сабақ­тастығын үзген емес. Тәуелсіздігіміздің тірегі, мем­лекетіміздің жүрегі болған Ата Заңымыз мәңгілік болсын! Еліміз шырқау шыңдарға, асқар асулар­ға алқынбай жете берсін! Конституция күні құтты болсын», - дейді Мемлекет басшысы.

***

Ел тәуелсіздігін алған күннен бастап Қазақстан Республикасында мемлекеттік және қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтыған реформалар жүргізіліп, болашақтың іргесін бекемдейтін қадамдар одан әрі жалғасын табуда. Ұлық мұраттағы мемлекеттігімізді, қолданыстағы құқықтық құндылықтарымызды нығайту, қоғам мен оның мүшелерінің толыққанды дамуын қамтамасыз ететін ашық та тиімді тетіктерді жетілдіру, тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеру айрықша назарда ұсталуда. Сот жүйесіндегі сан тарап өзгерістер де көз ал­ды­мызда. Ол конституциялық міндеттемелер деңгейінен шығып отыр ма? Қалыптасқан құқықтық негіздің қарым-қуаты өмір мәнін нәрлендіретін қайнарлардан арна тарта алды ма? Міне осы сауалдарға «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде Ақмола облыстық сотының төрағасы Ақжан Ештай толымды жауап берген. Сұхбат «Жауапкершілік жүктейтін жұмыс» деген тақырыппен жарияланды.

***

«Известия-Казахстан» газетінде жарық көрген «Казахстанские фильмы путешествуют по миру» деген тақырыптағы мақалада  Арменияда өтіп жатқан Қазақ киносы күндері жайында жазылған. Аталған елге апарылған фильмдердің басым бөлігі қазақ және Қазақстан тарихына арналғанына қарамастан көрермен тарабынан зор қызығушылық тудырып отыр. Қазақ киносы апталығы аясында 5 туынды армян көрермендері назарына ұсынылуда. Атап айтқанда, кино апталығы «Көшпелілер» туындысымен шымылдығын түрген. Сонымен қатар біздің елімізді мол аудитория жинап, ең үздік фильмдердің бірі саналған «Жаужүрек мың бала» туындысы да армян көрермендерінің назарына ұсынылатын болады.