ХАМАС әскері Палестинада емес, шетелде дайындалған болуы мүмкін - Талғат Қалиев

Палестина мен Израиль арасындағы қан төгілген қақтығысқа қатысты пікір білдірген Қолданбалы этно-саяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев шиеленістің немен аяқталатыны туралы болжам айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Талғат Қалиев әуелі қалыптасқан жағдайдың себебіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл қақтығысқа әлем елдерінде болып жатқан шиеленістер түрткі болған.

«Бұған Ресей мен Украина арасындағы жағдай да біраз әсер етті. Көріп отырғандай, Әзербайжан Қарабақта соғыс жариялап, бүкіл жерін қайтарып алды. Сонымен бірге, Қытай мен Тайвань арасындағы сөз қайтадан көтеріле бастады. Ол жағдайлар дүниежүзіндегі осындай қақтығыстарға ерекше импульс берді. Оның үстіне, қазір Сауд Арабиясы мен Израиль келісімшарттарға қол қоймақ болып жатқан кез. Сондықтан оларды қастастыру Иранға өте тиімді. Өйткені, Иран Сауд Арабиясымен бәсекелес, тіпті қас деуге де болады. Екі елдің қарым-қатынасы өте нашар. Израильмен де дұрыс емес, сондықтан осы екі елдің жақындасып кеткенін жақтамай отыр», - деп қақтығыстың себебіне тоқталды Талғат Қалиев.

Сарапшы АҚШ билігі Израильге ұшақ тасығыш әскери кеме, атом сүңгуір қайықтарын жібергенін атап өтті. Талғат Қалиевтің пайымынша, бұл – америкалықтардың соғысқа кірісуге дайын екенін көрсететін белгі.

«Мына «ХАМАС» пен «Хезболланы» әрқашан қолдайтын – Иран. Бұл шабуыл үлкен дайындықты қажет етеді. Олар – («ХАМАС» - автор түсіндірмесі) содырлар. Ал содырлар аяқ астынан ұйымдаса салмайды. Әскери нұсқаушылардың дайындығынан өтуі керек және барлау ақпараттары болуы тиіс. Сосын толассыз зымыран атып жатыр. Олардың қайдан келгені ерекше сұрақ. ХАМАС-тың әскерлері Палестинада емес, шетелде дайындалған болуы мүмкін. Егер ол Палестинада дайындық жүргізсе, онда Моссад (Израильдің ұлттық барлау қызметі) оны білер еді», - деді Талғат Қалиев.

Осы ретте сарапшы аталған қарулы қақтығыстың немен аяқталуы мүмкін екенін айтты.

«Егер бір мемлекет қосылып кетпесе, ХАМАС Израильді жеңе алмайды. Өйткені, ол – топ. Ал Израильдің әскері өте мықты. Сондықтан түбінде Израиль жеңеді деп ойлаймын. Қазіргі жағдай оңай емес, тұтқынға алынғандар бар. Егер басқа бір елдер кірісіп кетсе, онда бұл үлкен соғысқа да айналып кетуі мүмкін», - деп өз пайымын айтты Т. Қалиев.

Саясаттанушы бұл қақтығыстың Қазақстанға тигізер теріс салдарына да тоқталды.

«Жалпы, біздің Израильмен қарым-қатынасымыз жақсы. Иранмен де қатынас бар, ол бізге көрші ел саналады. Бізге соғыстың болмағаны тиімді. Қандай жағдай болса да бейбіт, достық қарым-қатынасты қолдаймыз. Бастысы – халықтың қырылмағаны, қанның төгілмегені», - деп сөзін түйіндеді Талғат Қалиев.

Еске салайық, сенбі күні ХАМАС содырлары Израильге зымыранмен шабуыл жасады. Екі күннен асқан шиеленісте 700-ден астам адам қаза тапты.

Артынша Израиль ресми түрде «соғыс жағдайы» режимін енгізді.