ХАМАС Газа секторындағы үкіметін таратқанын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM — Палестинаның ХАМАС қозғалысы АҚШ қолдаған соғыстан кейінгі реттеу жоспары аясында Газа секторындағы үкіметін таратқанын жариялады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: t.me/ShehabTelegram2

Қозғалыс он жылдан астам уақыт бойы Газа секторындағы атқарушы биліктің жұмысын үйлестіріп келген Төтенше жағдайлар жөніндегі үкіметтік комитеттің таратылғанын мәлімдеді.

Бұл туралы дүйсенбі күні Газа қаласында өткен баспасөз мәслихатында ХАМАС үкіметінің медиа кеңсесінің басшысы Исмаил ас-Савабта хабарлады.

Оның айтуынша, шешім АҚШ қолдаған бейбітшілік жоспарына сәйкес құрылған Газа секторын басқару жөніндегі Ұлттық комитетке әкімшілік өкілеттіктерді беруді жеңілдету мақсатында қабылданған.

Ас-Савабта бұрын тағайындалған министрліктер мен мемлекеттік қызметкерлер өз жұмысын қалыпты режимде жалғастыратынын және Ұлттық комитеттің басшылығымен қызмет атқаруға дайын екенін айтты. Сонымен бірге ХАМАС өз бақылауындағы аумақтарда қауіпсіздік пен полиция мәселелеріне жауап беруді жалғастырады.

Ұлттық комитеттің басшысы Али Шаат комитет құрамындағы 15 палестиналық маманның жұмысты бастауға толық дайын екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, жаңа органның тиімді қызметі үшін «бірыңғай билік, бірыңғай заң және сол билікке бағынатын бірыңғай қару» қажет.

Өз кезегінде Board of Peace ХАМАС-тың шешімін құптағанымен, билікті беру үдерісін «уәде бойынша емес, нақты іс-әрекеттер бойынша» бағалайтынын жеткізді.

Израиль әзірге ХАМАС шешіміне ресми пікір білдірген жоқ. Бұған дейін қозғалыс Израильді атысты тоқтату режимін бұзды және бейбітшілік жоспарының өзге де талаптарын орындамады деп айыптаған болатын. Ал Израиль буферлік аймақтан әскерін шығармайтынын және қауіпсіздікке қатер деп есептеген нысандарға соққы беруді жалғастыратынын мәлімдеп келеді.

The Times of Israel және Reuters мәліметінше, ХАМАС үкіметінің таратылуы негізінен символдық сипатқа ие және қозғалыстың Газа секторындағы азаматтық басқаруды Ұлттық комитетке беруге дайын екенін көрсетуге бағытталған.

Дегенмен бұл үдерістің жүзеге асуы ХАМАС-ты қарусыздандыру және атысты тоқтату келісімінің шарттарын орындауға қатысты тараптар арасындағы келіспеушіліктерге байланысты әзірге тежеліп отыр.

Еске салсақ, Қазақстан Газа секторына қатысты кешенді бейбітшілік жоспарын іске асыруға жәрдемдесу үшін құрылған Бейбітшілік кеңесінің құрамына кіреді.