ХАМАС Газадағы гуманитарлық блокада алынбайынша келіссөздерге қатысудан бас тартты
АСТАНА. KAZINFORM — ХАМАС қозғалысы жаппай аштық жағдайында келіссөздерді қайта бастау мүмкін емес екенін мәлімдегеннен кейін, АҚШ пен Израиль делдалдары Дохадан кетті, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Дохадағы ХАМАС делегациясы делдалдарға атысты тоқтату шарттарын талқылауға қайта оралмайтынын жеткізді, себебі Газа секторындағы азық-түлік дағдарысы шешілмеген. Бұл туралы Израильге барған және жоғары лауазымды тұлғалармен кездескен АҚШ елшісі Стив Уиткофф мәлімдеді.
Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған мәлімдемесінде ХАМАС «көмек оны шын қажет ететіндерге жетіп, Газа секторындағы гуманитарлық дағдарыс пен аштық тоқтаған сәтте соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерді дереу бастауға дайын екенін» мәлімдеді.
— Сапардың мақсаты — жұмыс істеп тұрған көмек тарату бекеттерінің жұмысын бағалау және азық-түлік жеткізілімін арттыру жоспарын әзірлеу, — деп хабарлады Ақ үй. — Делегация мүшелері анклав тұрғындарымен де кездесіп, жағдай туралы тікелей ақпарат алуды көздейді.
Сапар соңында Стив Уиткофф пен Майк Хакаби АҚШ президенті Дональд Трампқа жағдай бойынша есеп беріп, гуманитарлық көмекті жеткізудің жаңа америкалық бастамасын бекіту алдында ұсыныс жасайды деп жоспарланып отыр.
Бұл арада Газа секторының Денсаулық сақтау министрлігі аштықтан екі жаңа өлім жағдайын растады. Ведомствоның дерегінше, қақтығыс басталғалы бері 159 адам аштықтан көз жұмған, олардың 90-ы — балалар.
Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шілде айында ғана анклавта 63 адамның аштықтан қайтыс болғанын хабарлаған еді.