ХАМАС Израильге бұрын анықталған тұтқын мәйітінің бөлшектерін ғана қайтарды

Фото: x.com / @anadoluagency

АСТАНА.KAZINFORM - Мәйіт бөлшектерін қайтаруға қатысты оқиға  Газа секторындағы атысты тоқтату туралы келісімнің орындалуына тағы да күмән келтірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Сейсенбі күні Израиль премьер-министрінің кеңсесі ХАМАС Израильге тапсырған мәйіт бөлшектері 2023 жылдың 7 қазанындағы шабуыл кезінде содырлар ұрлап әкеткен израильдік кепілге алынған Офир Царфатиге тиесілі екенін хабарлады. Царфатидің денесін сол жылдың желтоқсан айында Израиль қорғаныс күштері тапқан.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ХАМАС-тың әрекетін «АҚШ-тың делдалдығымен жасалған атысты тоқтату туралы келісімді айқын бұзу» деп атады. 

Оның айтуынша, палестиналық топ тұтқында қаза тапқан 13 израильдіктің денесін қайтаруға уәде берген, бірақ оның орнына кепілге алынған тұтқын мәйітінің бөліктерін тапсырған.

Бұл Израильдің наразылығын тудырды. Бұрынғы премьер-министр Нафтали Беннетт және оңшыл министрлер Нетаньяхуды атысты тоқтатуды бұзғаны үшін ХАМАС-ты жоюға шара қолдануға шақырды.

Израиль премьер-министрінің кеңсесі Нетаньяху сейсенбі күні кешке қауіпсіздік басшыларымен атысты тоқтатуды бұзуға жауап ретінде одан әрі шараларды талқылау үшін кездесу өткізетінін хабарлады.

Израиль билігінің мәліметінше, Газа секторында 13 израильдік тұтқынның денесі бар. Израиль ХАМАС-ты олардың қайтарылуын әдейі кешіктірді деп айыптайды. Ал палестиналық топ анклавтағы кең көлемді қирауларға байланысты денелерді таба алмайтынын мәлімдеді.

Айта кетейік, ХАМАС Газадағы израильдік кепілге алынғандардың мәйіттерін іздеу аясын кеңейтті.