ХАМАС Израильге тағы екі тұтқынның денесін тапсырады

Фото: Anadolu

АСТАНА. KAZINFORM — Израиль мен ХАМАС қозғалысы арасындағы бітім туралы келісімнің орындалуымен қатар, қаза тапқан тұтқындардың мәйіттері қайтарылып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

ХАМАС-тың қарулы қанаты — «Изз ад-Дин әл-Кассам бригадалары» сейсенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 21:00-де (Астана уақытымен 23:00-де) Израиль жағына Газа секторында қаза тапқан екі тұтқынның денесін тапсыратынын мәлімдеді.

Ұйым мәлімдемесінде мәйіттердің сейсенбі күні табылғанын, алайда марқұмдардың кім екені нақты анықталмағанын атап өткен.

10 қазаннан бастап күшіне енген бітім режимі аясында ХАМАС Израильге 28 тұтқынның ішінде 13 мәйітті қайтарды.

Дүйсенбі күні Қызыл Кресттің Халықаралық Комитеті Газа секторынан 41 жастағы израильдік офицер Таль Хаймидің денесін алған.

Бұған дейін аман қалған 20 тұтқын АҚШ-тың арағайындығымен жасалған келісімге сәйкес бір күнде босатылған еді.

Саяси бюросы мүшесі Халиль әл-Хайя Al Qahira Al Akhbariya телеарнасына берген сұхбатында ХАМАС қалған 15 тұтқынның денесін қайтаруға дайын екенін айтты. Бірақ ол үшін ХАМАС-қа көбірек уақыт пен ауыр техника қажет екені айтылған.

Сондай-ақ, ХАМАС өкілі АҚШ пен арағайын елдерден алынған кепілдіктер «Газадағы соғыстың іс жүзінде аяқталғанын білдіреді» деп мәлімдеп, қозғалыс гуманитарлық көмек көлемін арттыруды талап ететінін жеткізді.

Al Jazeera мәліметінше, 10 қазанда жасалған бітімге қарамастан, Израиль әскерінің Газа секторына шабуылдары жалғасып жатыр. Соңғы тәулікте ауруханаларға 13 адамның денесі жеткізілген.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Израиль шабуылы кезінде Газада бір тәулікте 40-тан астам палестиналық қаза тапты.