ХАМАС Қызыл Крестке израильдік тұтқындардың үшінші тобын тапсырды
Палестинаның «Ислам қарсыласу қозғалысының» (ХАМАС) «Изз эд-Дин әл-Қассам бригадалары» Израильмен уақытша жасалған бітімнің үшінші күнінде тұтқынға алынған израильдік азаматтардың үшінші тобын Қызыл Крест ұйымына тапсырды. Бұл туралы топтың жексенбі күні жариялаған мәлімдемесінде айтылған. Каzinform бұл туралы Синьхуа ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мәлімдемеде: «Гуманитарлық бітім аясында және алмасудың үшінші кезеңінде біз 13 израильдік, 3 тайландтық және 1 ресейлік тұтқынды Қызыл Крест ұйымына тапсырдық», – делінген.
Онымен бір мезгілде Израиль қорғаныс күштері (ЦАХАЛ) жасаған мәлімдемеде Қызыл Крест ұйымына тапсырылғандар арасында тұтқынға алынған 14 израильдік және 3 шетелдік азамат бар екені айтылған.
Еске салайық, Палестиналық ХАМАС тобы 7 қазан күні Израильге шабуыл жасап, музыкалық фестиваль өтіп жатқан жерден көптеген адамды күштеп әкеткен болатын. Тұтқынға алынғандар арасында Қытай мен Таиланд азаматтары да бар екені айтылды. Израильң дерегіне сүйенсек, ХАМАС сол күні Газа секторына 203 адамды кепілге әкетті.
22 қарашада Израиль мен ХАМАС тұтқындарды босатуға, соғысты уақытша тоқтатуға келіскенін жаздық.
Бұл бітім 24 қарашада күшіне енгені жарияланды. Келісімге сәйкес, оқ атуға үзіліс төрт күнге созылады.
Тұтқындардың алғашқы легі 24 қарашада босатыла бастады. Олар Таиландтың 12 азаматы екені айтылды.
Кейіннен ХАМАС тағы 13 израильдікке еркіне қоя берді. Оған жауап ретінде Израиль 39 палестиналық тұтқынды жіберді. Сонымен қатар Таиландтың тағы төрт азаматы босатылды.