ХАМАС қозғалысы АҚШ өкілінің сынынан кейін бітімге бейілділігін растады

АСТАНА. KAZINFORM — Жұма күні таңертең ХАМАС қозғалысы атысты тоқтату жөніндегі келіссөздерге бейілділігін растайтынын мәлім етті, деп хабарлайды Синьхуа.

Фото: Анадолы

Бұл мәлімдеме Таяу Шығыс бойынша АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткоффтың ХАМАС-тың келіссөздердегі ниетіне қатысты сынынан кейін жария етілді.

БАҚ-қа арналған мәлімдемесінде ХАМАС қозғалысы арнайы өкілдің пікірлеріне «таңданғанын» білдіріп, қозғалыстың дипломатиялық үдерістегі қатысуы Газа секторындағы атысты тоқтату жөнінде келісімге қол жеткізуге бағытталғанын атап өтті.

Бұдан бөлек ХАМАС Мысыр, Қатар және АҚШ сынды араағайын елдерден түскен ұсыныстар мен пікірлерге оң көзқарас танытқанын айтты. Сонымен қатар, ХАМАС келіссөздерді жалғастыруға ашық екенін және бекітілген делдалдық механизм аясында жұмыс істеуге бейілді екенін жеткізді.

Стив Уиткофф бейсенбі күні АҚШ Газа секторындағы атысты тоқтатудың «балама жолдарын» қарастыратынын мәлімдеді. Сондай-ақ, ол АҚШ-тың келіссөздер жүргізуші тобын Қатардан елге кері қайтарып жатқанын хабарлады. Себебі, оның айтуынша, ХАМАС қозғалысының соңғы жауабы «өзімшіл» сипатта болған.

— ХАМАС қозғалысының соңғы жауабы Газа секторында атысты тоқтатуға деген ниеттің жоқ екенін анық көрсетті. Осыған байланысты біз Дохадағы командамызды консультациялар үшін елге қайтарамыз, — деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.

Бұдан бұрын Израиль мен ХАМАС-қа татуласу бойынша жаңа ұсыныс жасалғаны мәлім болды.