ХАМАС Палестина мемлекеті құрылмайынша қару тапсырудан бас тартты

Фото: DW

АСТАНА. KAZINFORM — ХАМАС тобы палестиналықтардың ұлттық құқықтары толық қалпына келтірілмейінше, қару-жарақты тапсырудан бас тартатынын мәлімдеді, деп жазды DW.

Бұған дейін Германияның сыртқы істер министрі Газа секторындағы бейбітшілік үшін ХАМАС-ты қару тапсыруға шақырған болатын.

Террористік деп танылған ХАМАС ұйымы Газа секторындағы қақтығыстарды тоқтату мақсатында жасалған қаруды тапсыру туралы үндеулерді қабылдамады. 2 тамыз, сенбі күні топ тәуелсіз палестиналық мемлекет құрылмайынша қарудан бас тартпайтынын мәлімдеді.

— Ұрыстар тек ұлттық құқықтарымыз толық қалпына келтірілгенде ғана, ең алдымен Иерусалимді астана еткен егемен, тәуелсіз палестиналық мемлекет құрылғанда тоқтатылуы мүмкін, — делінген ХАМАС таратқан мәлімдемеде.

Германия СІМ басшысы ХАМАС-ты қаруды тастауға шақырды

Бұған дейін Германияның сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль ХАМАС террористері қаруды тастап, тұтқындарды босатып, Газадағы биліктен бас тартса, соғыс аяқталады деген мәлімдеме жасаған болатын.

— Германия Израильді қолдауды жалғастыра береді және ХАМАС ақыры неміс азаматтарын қоса алғанда, барлық тұтқындарды босатып, қаруын тапсырып, палестиналық аймақтардағы саяси ықпалынан бас тартуы үшін жұмыс істейді. Бұл қозғалыс енді Израильге қауіп төндірмеуі керек, — деді ол.

Министр ХАМАС-ты «берілуден және бұл соғысты тоқтатудан бас тартты» деп айыптады.

Айта кетейік, әлемнің көптеген елдері Палестина мемлекетін мойындай бастады. Қыркүйек айында Франция да осындай шешім қабылдауы мүмкін. Бұл ел басқа мемлекеттермен бірге әлем қауымдастығын да осы қадамға шақырған болатын.