ХАМАС соғысты тоқтату үшін барлық тұтқынды босатуды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM - ХАМАС ұзақ мерзімді бітімге келу және қоршаудағы анклавтан Израиль әскерін толық шығару үшін Газа секторында қалған барлық тұтқынды бірден босатуды ұсынды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Фото: BBC

ХАМАС өкілі Хазем Касем атысты тоқтату келісімінің екінші кезеңіне қатысты көзқарасын айтты, деп хабарлайды AlJazeera.

— Біз тұрақты атысты тоқтатуға және Газа секторынан әскерлерді толықтай шығаруға әкелетін келісімге келу аясында тұтқын айырбастаудың екінші кезеңіне дайынбыз, - деді Касем.

Палестина тобы да Израильдің қарусыздану және Газа секторынан шығу туралы үндеуін қабылдамады. 

— ХАМАС-ты (Израиль) Газа секторынан ығыстыру — психологиялық соғыс, - деп қосты Касем.

Қасем сондай-ақ топтың келесі алмасуы болатын 22 ақпанда, сенбіде босатылатын тұтқындар санын үштен алтыға дейін көбейту туралы шешіміне түсінік берді. Бұл шешімді ХАМАС жетекшісі Халил әл-Хайя бір күн бұрын келісімнің екінші кезеңін жүзеге асыруды тездетуге тырысу мақсатында жариялады.

— Бостандыққа шығарылатын тұтқындар санын екі есеге арттыру келісімнің барлық шарттарын орындаудағы байсалдылығымызды дәлелдеу үшін жасалды, - деді Касем.

Өткен аптада ХАМАС Израильдің жылжымалы үйлер мен техника әкелуге рұқсат беруден бас тартқанын, сондай-ақ келісімнің басқа да бұзылуын, соның ішінде палестиналықтарға жасалған шабуылдарды алға тартып, босатуды кейінге қалдырамыз деп қорқытқан болатын. 

Бұған дейін ХАМАС Газа билігін Палестина ұлттық билігіне беруге дайын екенін жазғанбыз.