ХАМАС-тың жаңа басшысы Израильмен бітімге келгісі келеді

Фото: Фото: Reuters

АСТАНА. KAZINFORM – ХАМАС-тың жаңа басшысы Израильмен бітімге келгісі келеді. Бұл туралы CNN жазды.

ХАМАС қозғалысы саяси бюросының бұрынғы басшысы Исмаил Хания өлтірілгеннен кейін оның орнына сайланған Яхья Синвар Мысыр мен Катардың арашашылары арқылы Израильге бейбітшілікті қалайтынын жеткізген.

CNN-нің Израильдегі екі дереккөзінің хабарлауынша, премьер-министр Биньямин Нетаньяху келісімге дайын. Бірақ Израиль қауіпсіздік шенеуніктері коалициядағы кейбір оңшыл министрлердің қарсылығын ескере отырып, Нетаньяхудың мақұлдауына күмәнмен қарайды.

Қаржы министрі Бецалел Смотрич келісімге қарсылық білдіргендердің бірі болып, оны «жеңіліс» деп атады. Ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир де қарсылық білдірген.

АҚШ шенеуніктері Израиль басшылығына аймақтық соғыстың алдын алу үшін атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізу керектігін айтқан.

Айта кетейік, ХАМАС саяси бюросының басшысы Исмаил Хания 31 шілдеге қараған түні Тегерандағы қонақүйде жарылыс болып, қаза тапты. Израиль үкіметі ресми түрде Ханияның өліміне жауапкершілікті мойнына алған жоқ.

Ханияның өлімінен кейін Иран Израильге «шектен шыққанын» айтып, «тез әрі қатал» жауап беруге уәде берді.

Сонымен бірге АҚШ, Мысыр және Катар бірлескен мәлімдемеде ХАМАС пен Израильді тез арада атысты тоқтатуға және израильдік кепілге алынғандарды босату туралы келісімге келуге шақырды. Медиаторлар тараптар келіссөздерді 15 тамызда өткізеді деп отыр. Израиль кездесуге келісті, бірақ ХАМАС әлі жауап берген жоқ.