Хамит Ерғалиевке ескерткіш орнатылды
АСТАНА. KAZINFORM – Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық жазушысы Хамит Ерғалиевтің құрметіне ескерткіш ашылды. Бұл туралы ҚР Жазушылар одағының баспасөз қызметі хабарлады.
Қазір ақынның есімімен аталатын бұрынғы Қамысқала ауылына орнатылған ескерткіштің ашылуына Хамит Ерғалиевтің туыстары мен немересі Айдар Мұратұлы арнайы қатысты.
Ескерткіштің ашылу рәсімі барысында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылды. Арнайы ұйымдастырылған көрмеге қаламгер тұтынған жазу машинкасы, көзілдірігі мен қаламсабы, фотосуреттері қойылды.
Ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ерғалиев Хамит 1916
жылы Атырау облысында дүниеге келді.
Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
1945-1950 жылдары - «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің әдеби қызметкері. 1950-1957 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағы поэзия секциясының меңгерушісі. 1958-1959 жылдары Қазақстан мемлекеттік әдебиет баспасы поэзия секциясының меңгерушісі болған.
Ақынның 30-ға тарта жыр жинақтары, «Әке сыры», «Үлкен жолдың үстінде», «Біздің ауылдың қызы», «Құрманғазы», «Күй дастан», «Жылдар, жылдар» атты поэмалары бар. Ақын поэзиясында Азамат соғысының отты жылдары, Украин халқының ұлы ақыны Т.Шевченко тағдыры, академик, композитор А.Жұбанов бейнесі, дәуіріміздің басқа да өзекті мәселелері көркем бейнеленген.
Сонымен қатар оның қаламынан туған әңгімелер мен естеліктер, әдеби мақалалар мен эсселер де бар. Ол Д.Байронның, П.Неруданың, Н.Хикметтің, А.Пушкиннің, М.Лермонтовтың, А.Некрасовтың, В.Маяковскийдің, Р.Ғамзатовтың, А.Сурковтың кейбір поэзиялық туындыларын, Шекспир сонеттерін қазақ тіліне аударған. Қырғыз халқының «Манас», қарақалпақ халқының «Қырық қыз» эпостарын қазақ тіліне тәржімалауға ат салысқан. Ақынның өз шығармалары да бірқатар шет ел тілдеріне аударылған.
Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», 1-2-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, медальдармен марапатталған.
Айта кетейік, Астанадағы «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.