Хамитов өзін сөзбен түйреп өткен армениялық ММА шеберімен жекпе-жекке шыққысы келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық ММА шебері Қуат Хамитов өзін әлеуметтік желіде сөзбен түйреп өткен армениялық файтер Давид Хачатрянмен жекпе-жекке шыққысы келеді. Бұл туралы спортшы Инстаграмдағы парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, бұған дейін Давид Хачатрян Хамитовтың бұрынғы қарсыласы Питер Куиллимен жекпе-жекке шығып, нокаутпен ұтылған болатын. Аталмыш жекпе-жек болардың алдында Қуат Хамитов Куиллидің айқасты уақытынан бұрын аяқтайтынын жазған еді. Десе дегендей, Хамитовтың айтқаны айдай келіп, Хачатрян жеңіліске ұшырады. Айқас аяқталғасын Хамитов өзінің Инстаграмында:

«Ей, @fightnights (ресейлік промоутерлік компания - авт.)! Мен сендердің барлығыңа алапат Куиллидің айқасты мерзімінен бұрын аяқтайтынын айтқан едім ғой. Ал сендер сенбедіңдер», - деп жазған еді.

Дәл осыған келгенде Хачатрян шыдамай кетсе керек. Іле-шала отандасымызға Инстаграмында жауап берген.

«Олар бұрынғы мені ұмытып кетіпті. Қазір көп сөйлеу мода болып кетті. Тек түсінбейтінім, мына «Қуаттар» мен «Алиевтар» (ол да сынаған - авт.) мен октагонды бастап жүрген кезде қайда жүрді? Бәлкім, сиыр сауып жүрген болар... Ал қазір ММА шеберлері болып шыға кепті. Қуат, сөйлей бергенше, жылқы етін жеп жүре бермейсің бе», - делінген спортшының жазбасында.

Жауап өзін көп күттірген жоқ. Қазақстандық Инстаграмдағы парақшасында оған қысқа да нұсқа жауап берді.

«@fightnights бұл айқасты ұйымдастырыңдар!», - деп жазды Қуат Хамитов.