«Хан Қорық» жастар фестивалi студенттердi киелi Ұлытаудың тарихымен таныстырады

АСТАНА. ҚазАпарат - Бiрнеше күннен кейiн, атап айтсақ, 18-22 тамыз аралығында Ұлытау өңiрiнде "Хан Қорық" атты студенттер фестивалi өтедi.

Жастар фестивалiне Алматы, Астана, Қарағанды, Жезқазған қалаларынан барлығы жетi университеттiң студенттерi қатыспақ. Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифинг барысында Қазақстан ұлттық географиялық қауымдастығы директорының ғылыми және халықаралық жобалар жөнiндегi орынбасары Сәулет Сәкенов мәлiм еттi.

"Қазiргi таңда фестивальге 88 адам, яғни, жастар қатысатынын растап отыр. Әуел баста қатысушылар санын 100 адамға жеткiзу көзделген едi. Бiрақ, әлi өтiнiштер қабылданып жатыр. Фестиваль аясында студенттердiң ғылыми конференциясын өткiземiз, сонымен қатар, Қазақстан ұлттық географиялық қоғамы тарапынан спикерлер баяндама жасайды. Фестивальге қатысушы студенттердiң өзi де қазақ халқының тарихына қатысты қызықты баяндамалар жасаса, тек құп көремiз",-дей келе С.Сәкенов фестивальдiң бағдарламасымен таныстырды.

"Фестиваль 18-22 тамыз аралығында киелi Ұлытау өңiрiнде өтедi. 17 тамыз күнi фестиваль қатысушылары Астанадан Жезқазған қаласына жолға шығады. Қарағандыға тоқтап, бiраз зерттеушiлердi ертiп аламыз. Жезқазғанға жеткен соң лагерь тiгiп, келесi күнi фестиваль жұмысын бастаймыз. Фестиваль басталған күнi жастарға тұсаукесер салтын көрсетiп, баланы атқа мiнгiземiз. Фестивальдiң екiншi күнi толықтай Ұлытау өңiрiн тануға, яғни, танымдық экспедицияға арналады. Жастарға Ұлытаудағы қасиеттi мекендердi көрсетiп, тарихи орындардың сырын айтамыз. Үшiншi күнi студенттердiң конференциясын өткiзiп, жастар арасында киiз үй тiгуден жарыс өткiземiз. Бұл студент жастарға өте қызықты жарыс болады деп ойлаймын, себебi, студенттердiң арасында киiз үй тiкпек түгiлi, оны өз көзiмен көрмегендер де бар шығар. Ал, фестиваль аяқталатын күнi Ұлытаудағы қасиеттi шыңға шығамыз, Алтын шоқыға барып, сол жерлердiң тарихымен танысатын боламыз",-дедi ол.

С.Сәкенов фестивальге студент жастардан басқа шараға қызығушылық танытқан кез келген адам қатыса алатынын айтты. Тiптi, ол Австралия елiнен бiр турист қыз қатысатынын да жеткізді. Егер Сiз де "Хан Қорық" фестивалiне қатысамын десеңiз, мына сiлтеме бойынша тiркеуден өтуiңiзге болады. https://kazgeography.org/ru/node/656.