Хан ордасында оба ауруынан мерт болған орыс дәрігерінің қабіріне ескерткіш белгі орнатылды - БҚО
Обаның ошағы Бөкей даласында да ерте кезден-ақ белгілі болған. Осы қатерлі індетпен күресте талай дәрігер басын қатерге тікті. Соның бірі Саратов университетінің түлегі, пензалық Александр Иванович Михайлов еді. 1908 жылы Ордада обаға қарсы күрес жүргізу мақсатында зертхана ашылып, білікті дәрігер сонда еңбек етеді. 1925 жылы 1 сәуірде зертхана меңгерушісінің орынбасарлығына тағайындалып, уақытпен санаспастан, ауру тышқандарға тәжірибелік сынақтар жасайды. Ақыры осы дерттің тырнағына ілігіп, көз жұмады. Көп ұзамай күйеуін күткен әйелі Ольга Владимировна да қайтыс болады.
Ескерткіш белгіні Орал обаға қарсы күрес стансасы қойды. Станса бастығы, медицина ғылымдарының кандидаты Александр Гражданов алдағы жылы Ордадағы зертхана ғимаратына А.Михайловқа ескерткіш тақта орнатылатынын жеткізді.