Ханбибі Есенқарақызының алты томдық шығармалар жинағы жарық көрді

АЛМАТЫ. Желтоқсанның 12-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер,

"Парасат" орденінің иегері, Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ханбибі Есенқарақызының алты томдық шығармалар жинағының тұсаукесері рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

         Жинақтың 1-2 томы Алматыдағы "Жазушы" баспасынан,  3-6 томдары Шымкент қаласындағы "Ордабасы" баспасынан  жарық көріп отыр. Алғашқы екі томға - поэзиялық,  ал өзге төрт томға прозалық  туындылары топтастырылған. 

         "Х. Есенқарақызының  60 жылдық мерейтойын Алматыда атап өтуі  үлкен оқиға. Облыстардағы  мәдениет пен өнер қайраткерлерінің  Астана, Алматы қалаларында мерейтойын атап өтуі  соңғы 10-15 жылдан бері үзіліп қалған болатын. Бұл дәстүр біздің зиялы қауым үшін одан ары өз жалғасуы тиіс. Үлкен Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі таланттарды жинақтау, көрсету бұдан ары да жалғасуы қажет. Ханбибі көрмей қалуға, байқамай қалуға болмайтын тұлға. Алғашқы жыр жинағынан бастап  киелі өлең сөзге адалдық танытты. Қай кезде, қандай өлең жазса да ағынан жарылып отырды. Ақ қағазға деген адалдығынан таймады. Оның шығармашылығына деген құрмет осыдан келіп туады ғой деймін", дейді жазушы Смағұл Елубай. Ал  Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғалым Жайлыбайдың айтуынша, Сарыағаш ауданының құрметті азаматы, қайраткер Ханбибі Есенқарақызы ұзақ жылдар бойы Оңтүстік Қазақстан облыстық  мәдениет басқармасын басқарды, Қазақ тілі қоғамының төрайымы болды,  енді 7 жылдан бері облыстағы  қуғын-сүргін құрбандарының мұражайына басшылық жасап келе жатыр. Бүгін енді 6 томдық шығармалар жинағының тұсауын кескен соң, Әдебиетшілер үйінде жыр кешін өткізгелі отыр.