Ханчжоудағы ХІХ жазғы Азия ойындарында ту ұстайтын атлеттер анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ханчжоудағы ХІХ жазғы Азия ойындарында ту ұстайтын атлеттер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фото: МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, олар – бокстан Ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов пен биіктікке секіруден көшбасшымыз Надежда Дубовицкая!

Айта кетейік, Асланбек 1993 жылы 9 қазанда Жамбыл облысында дүниеге келген. Ол – бокстан әлем және Азия чемпионы, Джакартадағы жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері.

Ал Надежда 1998 жылы 12 наурызда Семей қаласында дүниеге келген. Ол – жабық кешендегі әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионатының жеңімпазы, құрлық рекордының иесі.