Ханзада Гарри төрт жылдан кейін балаларын Ұлыбританияға алып келмек

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбритания королі III Чарльздың ұлы ханзада Гарри мен жұбайы Меган Маркл шілде айында балаларымен бірге Ұлыбританияға баруды жоспарлап отыр. Бұл туралы BBC хабарлады.

Фото: Hollie Adams / File Photo / Reuters

Басылым мәліметінше, жұп жеті жастағы Арчи мен бес жастағы Лилибетті ертіп келеді. Бұл Гарри отбасының соңғы төрт жылдағы Ұлыбританияға алғашқы сапары болмақ.

Ханзада Гарри бұған дейін балаларын туған еліне алып келгісі келетінін бірнеше рет айтқан. Алайда сапар кезінде қандай қауіпсіздік шаралары қолданылатыны әзірге белгісіз.

Сондай-ақ король III Чарльздың немерелерімен кездесіп-кездеспейтіні де нақтыланбаған. Король Арчи мен Лилибетті соңғы рет 2022 жылы патшайым II Елизаветаның таққа отырғанына 70 жыл толуына арналған мерекелік іс-шара кезінде көрген.

Өткен жылы ханзада Гарри BBC-ге берген сұхбатында корольдік отбасымен татуласқысы келетінін мәлімдеген болатын. Ал былтыр қыркүйекте ол бір жарым жылдық үзілістен кейін әкесімен Лондонда кездескен.

Еске салсақ, Гарри 2020 жылы корольдік отбасы мүшесінің міндеттерінен бас тартып, жұбайы Меган Маркл және ұлы Арчимен бірге АҚШ-қа қоныс аударған. Кейін оған корольдік отбасы мүшелеріне берілетін мемлекеттік күзет қызметі тоқтатылған.

Айта кетейік, 2025 жылдың мамырында ханзада Гарри Ұлыбританияға сапарлары кезінде мемлекеттік күзетті қайтару туралы сот ісінде жеңіліп қалған еді. Сондай-ақ олар шығындары мен қызметкерлерін қысқартты.