Харуки Мураками үш жылдан кейін тағы бір романын жарыққа шығарды

АСТАНА. KAZINFORM – Әлемге әйгілі жапон жазушысы Харуки Мураками жұма күні «Кахоның оқиғасы» атты романын таныстырды. Бұл – оның соңғы үш жылдағы алғашқы көлемді романы, деп хабарлайды Kyodo.

Фото: Kyodo

Shinchosha баспасының мәліметінше, кітаптың алғашқы таралымы 250 мың дананы құрайды. Сонымен қатар оның электронды нұсқасы да қатар жарық көреді.

Романның басты кейіпкері – Кахо есімді 26 жастағы балаларға арналған суретті кітаптардың авторы. Баспаның мәліметінше, Мураками өз романының жалғыз басты кейіпкері ретінде әйелді алғаш рет таңдаған.

Кітап жазушының 2024 жылғы маусымнан биылғы наурызға дейін Shincho әдеби журналында жарияланған төрт бөлімнен тұратын сериясын біріктіріп, жаңаша пайымдайды.

Kyodo News агенттігіне берген сұхбатында Мураками романмен жұмыс істеу өзі үшін «нағыз ләззат» болғанын айтты. Ол бұл үдерісті қысқа әңгімелерді құрастырумен салыстырды. Жазушының айтуынша, алдыңғы бөлімді аяқтағаннан кейін біраз уақыт өткен соң келесісін жазуға дайын екенін сезінген. Кейін олардың барлығын бір-бірімен байланыстырып, соңында бірнеше толықтыру енгізген. Оның сөзінше, жұмыс барысында айтарлықтай қайшылықтар туындамаған әрі сюжет күтпеген бағытқа ауытқымаған.

Харуки Мураками 1949 жылы Киото қаласында дүниеге келген. Ол Жапонияда және шетелде көптеген әдеби сыйлықтарға, соның ішінде Франц Кафка атындағы сыйлыққа ие болған. Сонымен қатар жазушы, ең алдымен, америкалық әдебиетті аударған көрнекті аудармашы ретінде де танымал.

Оның ең танымал шығармаларының қатарында «Норвег орманы», «Құссеріппенің шежіресі» және «1Q84» романдары бар. «Кахоның оқиғасы» – Муракаминың 2023 жылы жарық көрген «Қала және оның сенімсіз қабырғалары» кітабынан кейінгі алғашқы көлемді романы.

Еске сала кетейік, Харуки Муракамидің жаңа кітабының шыққаны туралы жазып едік.