Хавьер Солана Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздерге қатысады

БРЮССЕЛЬ. Қазанның 1-і. ҚазАқпарат /Ержан Оспанов/ - Бүгін Женевада Еуроодақ Кеңесінің Бас хатшысы, жалпы сыртқы саясат және қауіпсіздік саласындағы саясат мәселелері бойынша Еуроодақтың Жоғарғы өкілі Хавьер Солана Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздерге қатысады.

Жоғарғы ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Саид Джалили басқарған Иранның өкілдерімен сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары (Ресей, ҚХР, АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Франция) деңгейінде халықаралық араағайын «алтаулықпен» кездеседі.

Халықаралық келіссөздер барысында ирандық тарапқа уранды байытуға байланысты жұмыстарды тоқтатудың есесіне Иранға қатысты жаңа санкциялардан «алтаулықтың» бас тартуын көздейтін ұсыныс жасалғанын атаған орынды.