Haval дилері Жетісу облысында тұтынушылар құқығын бұзған шарттарды түзетті
АСТАНА. KAZINFORM — Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті Талдықорған қаласындағы Haval маркалы автокөліктердің ресми дилерінің қызметіне қатысты азаматтың өтінішін қарады.
Департаменттің мәліметіне сәйкес өтінішті қарау барысында «DAS AUTO» ЖШС (Haval ресми дилері) сату-сатып алу шарттарына автокөлік иелерін тек белгілі бір сервис орталықтарында ғана техникалық қызмет көрсетуден өтуге міндеттейтін талап енгізгені анықталды. Аталған талап орындалмаған жағдайда, автокөлікке берілген кепілдік міндеттемелері тоқтатылған.
— Мұндай шарттар тұтынушылардың құқықтарын бұзады және автокөліктерге кейінгі техникалық қызмет көрсету нарығындағы бәсекелестіктің дамуына кедергі келтіреді. Анықталған заң бұзушылықтарды жою мақсатында Департамент компанияға тиісті хабарлама жіберді. Қазіргі уақытта хабарлама орындалды, даулы тармақ шарттардан алынып тасталды, — делінген хабарламада.
Бұдан бұрын Бәсекелестікті қорғау агенттігі такси бағасын көтерген «Яндекске» аудит жүргізетіні анықталды.