Қаржылық мониторинг агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен жүргізген тергеу барысында қылмыстық топтың Қырғыз Республикасынан темекі өнімдерін заңсыз жеткізу арнасын ұйымдастырғаны анықталған.
Тергеу мәліметінше, Жамбыл облысының тұрғыны заңсыз әкелінген өнімдерді өзіне бағынышты адамдар арқылы таратқан. Контрафактілік темекілер Тараз қаласындағы сауда орындарында сатылып, сондай-ақ Алматы, Шымкент қалаларына және Қарағанды, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстарына жөнелтілген.
— Тінту шаралары барысында заңсыз айналымнан жалпы құны 293 млн теңгеден асатын 319 мыңнан астам қорап таңбаланбаған темекі өнімі тәркіленді. Төленбеген акциздер көлемі 115 млн теңге болған, — делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, қылмыстық топ құрамында тауар жеткізу мен өзара есеп айырысуды қамтамасыз еткен Қырғызстан азаматтары да болған.
Қаржы ағындарын жасыру үшін күдіктілер банктік жүйеден тыс ақша аударуға мүмкіндік беретін бейресми «Хавала» есеп айырысу жүйесін пайдаланған.
Сот санкциясымен темекі өнімдерін тасымалдауға қолданылған үш көлікке тыйым салынды. Бес күдікті қамауға алынды.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық іс бойынша өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанға 500 млн теңгенің вейпін заңсыз әкелмек болғандар ұсталғанын хабарлағанбыз.