«Хайуанаттар бағындағы бассыздық» - баспасөзге шолу
***
«Қарағандыдағы хайуанаттар бағына бара қалғанымызда мүңкіген иістен басымыз ауырып қайтушы еді. Жан-жануардың неше түрі жиналған жер ғой, солай болуға тиіс шығар деп бұған соншалықты мән де бермейтінбіз... «Бақсақ, бақа екен» демекші, бұл кілтипанның сыры енді ашылды. Кілтипанның кілтін тапқан прокуратура қызметкерлері. Таяуда облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы «Қарағанды мемлекеттік хайуанаттар бағы» кәсіпорнының қызметіне тексеру жүргізіп, көптеген былықтың бетін ашты.
Хайуанаттар бағының қызметкерлері нарықтың тамырын тап басқан пысық болып шықты. Олар туғанынан әдейі тіркелмеген жануарларды мал табу мақсатымен сатып келген... Бұл жерден неге жағымсыз иіс шығады деп басымыз қатып жүрсе, оның сыры мынада екен: аңдар мен құстар, жәндіктің алуан түрі тұрып жатқан үйшіктер мен вольерлер көбіне тазартылмайтын көрінеді. Ол аздай-ақ, жағымсыз иісті сыртқа айдап тұратын желдеткіш қондырғы бұл жерде мүлде жоқ болып шыққан...»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.
Прокурорлардың мәліметі бойынша, 2012-2014 жылдар аралығында «зоопарктің» 84 хайуаны тиісті ветеринарлық құжаттарынсыз жеке және заңды тұлғалар қолындағы 183 жануарға айырбасталып алыныпты. Яғни, жануарларға түрлі аурулар жұқтыру қаупі өте-мөте зор болған.
Ол ол ма, хайуанаттар бағының обал-сауап дегенді білмейтін қызметкерлері жыртқыш аңдарға азық ретінде қашыр, есек, тау ешкісі, лақ сияқты жануарларды тірідей талауға беріпті.
Бұдан бөлек, прокуратура кәсіпорындағы қаржыны оңды-солды шашып, тиімсіз жұмсаудың да бірнеше фактісін анықтады. Тексеру қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы орган мен хайуанаттар бағының 16 қызметкері тәртіптік жазаға тартылды. Ал кәсіпорынның директоры әкімшілік жаза арқалады. Қазір жоғарыда аталған заңды бұзу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Бұл материал «Хайуанаттар бағындағы бассыздық» деген тақырыппен көпшілік назарына ұсынылып отыр.
Бас басылымда «Әрбіріміз виртуалды дүниедегі іс-әрекетімізге де жауапты болуымыз керек» деген мақала басылды. Елімізде интернет пайдаланушылардың саны жыл санап артып келеді. Осыдан 10 жыл бұрын интернет пайдаланушылар саны халқымыздың жалпы санының 4%-ын құраса, 2014 жылғы статистика комитетінің мәліметі бойынша, 6 жас пен 74 жас аралығындағы интернет пайдаланушылар саны халқымыздың жалпы санының 63,9%-ын құраған.
Азаматтарымыз әлемдік үрдістен тыс қалып жатқан жоқ, көш бастап отырған барлық әлеуметтік желіге тіркеліп, пайдаланып әртүрлі санаттағы ақпараттарды алып жатыр. Ол түсінікті де, өйткені әлеуметтік желі арқылы адамдар өзінің ішкі сұранысына қажетті барлық ақпараттарды алып, ақпарат таратып, басқа адамдармен танысып, жарнамалар беріп, өз қуанышымен бөлісе алады.
«Бұл - әлеуметтік желінің жағымды жақтары. Өкінішке қарай, қазіргі кезде әлеуметтік желі пайдаланушылар арасында елдің үрейін ұшыратын ақпараттар таратып, әртүрлі заң бұзушылыққа жол беретін тым анайы топтар да құрылып, оны пайдаланушылар да артуда. Бұл өз кезегінде әлі ой-қабілеті толығымен қалыптаспаған жастардың дұрыс тәрбие алуына кері әсерін туғызатыны белгілі. Осы әлеуметтік желідегі ақпараттар салдарынан өз-өзіне қол жұмсап немесе басқа да заңға қайшы әрекет жасағандар туралы ақпараттар бұқаралық ақпарат құралдарында жиі-жиі көрініс беріп жүр»,-деп атап өтілген мақалада.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Алматыда Халықаралық валюта қорының Орталық Азия және Кавказ өңірлеріне арналған «Өңірлік экономикалардың даму келешегі» атты баяндамасының таныстырылымы барысында Ұлттық банктің төрағасы Қайрат Келімбетов еліміздегі бас банктің Астанаға көшпейтінен мәлім етті.
«Әзірге Астанаға көшпейміз. Жалпы, Астанада құрылатын халықаралық қаржы орталығы Қазақстанда әлі жеткілікті дамымаған басқа қаржы қызметтерін алдағы 5-10 жыл ішінде дамытуға арналған. Олар - қоғамдық және жеке капиталды басқару, ислам қаржыландыру жүйесі, халықаралық капитал нарығында зейнеткерлік қаржыны басқару және басқа да салалар. Ал банк ритейлі, яғни жеке клиенттерге қызмет көрсету кешені, сақтандыру компанияларының ритейлі қазіргі қаржы секторында, яғни Алматыда жүзеге асырылатын болады»,-деді Қ. Келімбетов. Бұл жайында басылымдағы « Ұлттық банк әзірге Астанаға көшпейді» атты материалда берілген.
Осы басылымда «Үздік мемқызметкер ынталандырылады» деген мақала жарияланды. Парламент мемлекеттік қызмет жүйесін әрі қарай жетілдіруге мүмкіндік беретін заң жобасын мақұлдады. Жаңа талапқа сәйкес тиімді жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлер бонустар арқылы ынталандырылады. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасы орынбасары Саян Ахметжанов журналистерге мәлімдеді.
«Жаңа заң жобасы бойынша келесі жылдан бастап шенеунік болғысы келетіндер өздерінің кәсіби қызметін тек төменгі лауазымнан бастайтын болады. Әрине, бұл көп үміткерлерге тең жағдайда бәсекеге түсуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан жеке сектордағы дарынды менеджерлерді мемлекеттік қызметке тартуда кедергі тудырмай ма? Мәселен, әлемдік басқару саласында Нью-Йорктің бұрынғы мэрі Майкл Блумберг сияқты бизнестен келіп, мемлекеттік қызметте жоғары нәтижеге жеткен мысалдар көп»,-деп жазады газет.
Мемлекеттік қызметке өту үшін шенеуніктер заңнама мен біліктілікті анықтау тестілеуінен өтеді. Содан кейін Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде сұхбатқа қатысады. Сосын өз саласы бойынша мемлекеттік органдағы әңгімелесуге шақырады. Оған қоса мемлекеттік қызметке алғаш өткендер сынақ мерзімінен өтеді. Айта кету керек, жаңа құжатқа сәйкес шенеуніктердің мемлекеттік тілден тест тапсыру сынағы жайында айтылмаған.
***
Адам ағзасын ғарыш жағдайына бейімдеу бірнеше кезеңдер арқылы іске асырылады. Бұл жайында ғарышкер Айдын Айымбетов әңгімесіне негіздлеген мақалада « Казахстанская правда» газеті жазып отыр. Алғашқы он күнде салмақсыздық жағдайларына үйрену шаралары жүреді, сондай-ақ қозғалыстарды үйлестіру дағдысы өзгереді. Бұл дайындықтар кезінде адамның ағзасындағы қан қысымы артады. Жердегі бейімделу тезірек өтетін көрінеді, яғни осы тұрғыда гравитацияға дағдылану маңызды. А. Айымбетовте гравитацияға бойын үйрету 12-14 сағаттың ішінде болған. Ғарышкерлердің дайындығы мен олардың арасындағы дәстүрлері жайында егжей-тегжейлі жазылған мақала «Притягательная безмерность» атты тақырыппен берілген.