«Хазірет Сұлтан» мешітіне өрттен қатты зиян тиген жоқ - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы

АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - «Хазірет Сұлтан» мешітіне өрттен қатты зиян тиген жоқ.

Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметінен мәлім етті.

«Бірнеше күн бұрын Астана қаласындағы «Хазірет Сұлтан» мешітін өрт шалды деген хабар бүкіл елді уайымға салған болатын. Мамандардың пікірінше, мешітке тілсіз жаудан айтарлықтай зиян келмеген. Алдымен мешіт ішіндегі құрылыста пайдаланылып жатқан темір мінбенің үстіндегі тақтай ағаштар жанған. Тұтанып кеткен оттың жалыны күмбездің астындағы тез жанғыш сәндік материалдарды шалған. Сыртқа будақтап шыққан көп түтін негізінен осы заттардан шыққан көрінеді. Өрттің шығу себептері әлі де анықталуда», - дейді баспасөз қызметі.

Еске салайық, елордада жаңадан салынып жатқан «Хазірет Сұлтан» мешітінде өрт  15 қаңтар күні болды. Төтенше жағдай туралы хабар сағат 15.19-да түсті. Құтқарушылар оқиға орнына 10 минуттан соң жетіп, өртке оранған ғимараттан 13 адамды аман-есен алып шықты. Тілсіз жауды ауыздықтауға ТЖД-нің 171 қызметкері мен 35 техникасы жұмылдырылды. 800 шаршы метр аумақты шарпыған жалын сағат 17.49-да толығымен ауыздықталды.