Хельсинкиде «Қазақстан әйелдері: тарих және қазіргі заман» фотокөрмесі ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Хельсинки қаласындағы «Каясте» көркемөнер галереясында Қазақстанның Финляндиядағы Елшілігінің Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығымен бірге ұйымдастырылған «Қазақстан әйелдері: тарих және қазіргі заман» фотокөрмесінің салтанатты ашылуы өтті.

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінен хабарлады.

Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңында өтіп жатқан фотокөрме екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды оқиға болды. Іс-шараның негізгі мақсаты қазақстандық әйелдердің әлеуеті мен олардың демократия және гендерлік теңдікті дамытудағы белсенді үлесін көрсету болды. Фотокөрмені қонақтардың назарына ұсынылған қазақстандық әйелдердің бейнелерімен «Туған жерімнің әйелдері» әйгілі көркемөнер шеберлерінің альбомдары толықтырды.

Ашылу салтанатында Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Ғалымжан Қойшыбаев, Финляндияның Сыртқы істер министрлігінің Гендерлік теңдік бойынша Елшісі Тарья Репонен және «Жұлдыз» Орталық Азия қауымдастығының басшысы Мавлюда Пейпонен сөз сөйледі.

Өз сөзінде Елші Ғ.Қойшыбаев Қазақстанда гендерлік теңдікті сақтау мемлекеттік әлеуметтік және отбасы-демографиялық саясатындағы ажырамас құрамы болып табылатындығын, сондай-ақ әйелдер әлеуетін жүзеге асыру еліміздің әлеуметтік-экономикалық жетілдіруінің маңызды шарты екендігін атап өтті.

Елші Т.Репонен Қазақстанның гендерлік теңдікті жылжытудағы белсенділігін қолдай отырып, қонақтарға Финляндияның гендерлік тең құқықтықта негізгі бастамалары туралы мәлімдеді.

Көрменің ашылу салтанатына Финляндияның сыртқы істер, мәдениет және білім министрліктерінің, қазақ диаспорасының, «Қазақстан достары» клубының өкілдері және қазақстандық студенттер қатысты.

Фотокөрмемен танысуға ниет білдірушілер үшін галереяның есігі апта бойы ашық болады.