Синьхуа агенттінің жазуынша, құнды петроглиф Хэланьшань жотасындағы жартас суреттерінен алғаш рет табылып отыр.
Жаңадан анықталған петроглиф тау етегіндегі пролювиалды-шөгінді аймақта жатқан оқшау тастың бетіне қашалған. Тас топыраққа жартылай көмілген, ашық бөлігінің биіктігі 15 сантиметрден аспайды, айналасын арамшөп басқан. Сондықтан бұған дейін байқалмай келген. Суреттің өлшемі 24×20 сантиметр. Қашау әдісімен салынған, ойықтың тереңдігі шамамен 1,5 миллиметр.
Хэланьшань петроглифтері туралы ақпараттық-архивтік деректерге сәйкес, Хэланьшань өңіріндегі жартас суреттерінде «ат жеккен арбалардың» жалпы саны 20-дан аспайды. Бұған дейін анықталған петроглифтердің барлығында дерлік арбаға екі жылқы жегілген. Ал «төрт ат жеккен арба» бейнесі бұған дейін Орталық Азия, Моңғолия және Оңтүстік Сібір өңірлерінде, сондай-ақ Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық регионы мен Ішкі Моңғолия автономиялық регионында ғана кездескен.
Хэланьшань петроглифтері басқармасының дерегінше, «ат жеккен арба» тақырыбындағы жартас суреттері – Солтүстік Қытай петроглифтеріне тән бірегей мәдени құбылыс. «Төрт ат жеккен арба» суретінің табылуы Хэланьшань жотасындағы петроглифтердің мазмұнын байытып, әртүрлілігі мен бірегейлігін арттырып қана қоймай, аймақтың ежелгі тұрғындарының өндірістік өмірі мен егін және мал шаруашылықтарының даму деңгейін көрсетеді.
Хэланьшань тауларының шығыс қапталының орталық бөлігінде орналасқан Хэланьшань петроглифтер қорығы – жер бетінде жартас суреттері ең көп шоғырланған аймақтардың бірі. Қорықта 6 мыңға жуық сурет бар, оның ішінде 700-ден астамында адам бейнесі салынған. Жартас суреттерінде адам, жануар, өсімдік бейнелерімен қатар аспан денелері мен әртүрлі таңбалар да кездеседі. Олар ежелгі адамдардың аңшылық, бақташылық және тасаттық сияқты күнделікті тіршілігінен мол дерек ұсынады.
Айта кетейік, Қытайда ежелгі көшпенділер қолданған арбаның көшірмесі жасалған еді.