Хэллоуин қандай мереке?
Қазанның 31-нен қарашаның 1-іне қараған түні әлемдегі барлық адамдар АҚШ пен Канаданың соңынан еріп, бүгінде мәні мен мағынасын көбі түсіне бермейтін Хэллоуин - пұтқа табыну мерекесін атап өтуге дайындалуда.
Дін және қоғам қайраткерлері оны «коммерциялық жоба» мен «мәдени отарлау» құралы десе, педагогтар мен психологтар «зұлымдық бейнесімен ойындардың» әсіресе, жас балалардың жетілмеген психикасына қауіп төндіруі мүмкін деп қорқып отыр. Бүгінде қоғамымызда үй аруақтары және тағы сол сияқты сұрықсыз атрибуттармен белгілі Хэллоуинді атап өткісі келетіндерге маскарад костюмдерін сатып алуға, «көңілді кештер», түнгі клубтардағы «қорқыныш би кештері» және «фрик-балдарға», түрлі Хэллоуин-квесттері, тіпті, «үрей салатын веложарысқа» қатысуға шақырып жатыр. Адамдар онда барынша көңіл көтеруге тырысып, шын мәнінде не тойлап отырғанын да түсінбеуде. Хэллоуиннің түп-тамыры Британия мен Ирландия елдерін мекендеген ежелгі кельттердің заманында жатыр. 1 қарашаға ең жақын ай толған түні олар «жаздың соңы» дегенді білдіретін Самайн мейрамын тойлайтын. Кельттер Самайн кезінде адам мен рухтар әлемінің арасындағы бөгет жойылып, жақсы рухтар да, зұлым рухтар да жерді кезіп жүреді деп сенетін. Сондай-ақ олар өлілердің рухтары өз үйлеріне қайта келеді деп есептеп, оларға жағу үшін ас-су әзірлеп қоятын. Сондықтан бүгінде аруақ не мыстан болып киінген балалар үйме-үй жүріп, бірдеңе бермесе, тәлкек қылып сазайын тартқызамыз деп үй иелерін қорқытуларымен өздері аңдамай Самайн мейрамы жораларының қайта жаңғыруына үлес қосады.
ХІХ ғасырда Ирландия мен Шотландия имигранттары бұл мерекені Америкаға әкелді. Тек өткен ғасырдың 1920 жылы Нью-Йорк пен Лос-Анджелес қалаларында алғаш рет ресми тойланды. Келе-келе Хэллоуинде ағаштарды өртеу, шамдарды сындыру секілді ұсақ бұзақылықтар сәнге айнала бастады. 1950 жылдардан бастап Хеллоуин коммерциялық тұрғыдан пайда әкеле бастады. Костюмдер, әшекейлер, ашықхаттар және басқа да заттар өте жоғары сұраныстарға ие бола бастады. АҚШ пен Канадада тойланып келген жаңаша сипаттағы Хэллоуин бүгінде Еуропа мен басқа да құрлықтарға қанатын жая бастады.