«Хезболла» Израиль базасына дронмен шабуыл жасап, төрт сарбаз мерт болды

Фото: Фото: BBC

АСТАНА.KAZINFORM - Әскерилердің хабарлауынша, Израильдің солтүстігіндегі әскери базаға жасалған дрон шабуылынан төрт израильдік сарбаз қаза тауып, 60-тан астамы жараланды, деп жазады ВВС.

Израиль қорғаныс күштерінің хабарлауынша, Хайфаның оңтүстігіндегі Биньямин-Гиват-Ада бекетінде орналасқан базаға жасалған шабуыл кезінде жеті сарбаз ауыр жараланған.

Маген Давид Адом (MDA) медициналық қызметі бұған дейін шабуылдан 61 адам жараланғанын хабарлаған. 37 адам жедел жәрдем және тікұшақпен ауруханаларға жеткізілді.

Шабуылды «Хезболла» ұйымы өз мойнына алды. Ұйымның баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл соққы Израильдің бейсенбі күнгі Ливанның оңтүстігі мен Бейруттағы шабуылдарына жауап ретінде жасалды.

Оқиға орнынан түсірілген кадрларға қарағанда, шабуыл кезінде әскери қызметкерлер асханада болған. Әлеуметтік желіде тараған суреттерде төбесінде соққыдан кейінгі тесігі бар бос асхана көрінеді.

Times of Israel газетінің алдын ала тергеу деректеріне сілтеме жасай отырып хабарлауынша, «Хезболла» Жерорта теңізінен екі «Мирсад» ұшқышсыз ұшағын ұшырған.

Израильдік Alma Research зерттеу орталығының мәліметі бойынша, олардың «жою радиусы 120 шақырым, максималды жылдамдығы 370 км/сағ, 40 кг-ға дейін жарылғыш затты тасымалдауға және 3 км биіктікте ұшуға қабілетті».

Екі ұшқышсыз ұшақты израильдік радар қадағалады және оның біреуін Хайфаның солтүстік жағалауында қағып түсірді, ал екінші ұшақ жерге тым жақын ұшқандықтан радардан жоғалып кетті, деп хабарлайды басылым.