«Хезболла» өз жетекшісі Хасан Насралланың қаза болғанын растады
АСТАНА. KAZINFORM – «Хезболла» қозғалысы өз жетекшісі Хасан Насралланың өлтірілгенін растады. Бұл туралы Al Jazeera аталған қозғалыстың мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Ливанның радикалды шииттер қозғалысы «Хезболла» өзінің жетекшісі Хасан Насралланың Израильдің Бейрутқа жасаған соққысынан қайтыс болғанын растады.
Бұған дейін BBC-ге сілтеме жасап, Израиль армиясы «Хезболла» жетекшісі Хасан Насралланың өлтірілгенін мәлімдегенін жазған болатынбыз.
ЦАХАЛ мәлімдемесінде бір күн бұрын Израиль әуе күштерінің жауынгерлері Бейруттың Дахья ауданындағы тұрғын үйдің астында орналасқан «Хезболланың» орталық штаб-пәтеріне соққы бергені айтылған. Соққы топтың жоғары қолбасшылығы штабта болған кезде жасалды.
Одан бөлек, Израильдің «Хезболла» штабына соққысынан соң Иран Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын шақырғанын жазған едік.