«Хезболла» жаңа басшысын сайлады

Фото: Фото: Al Manar

АСТАНА. KAZINFORM – Ливанның «Хезболла» қарулы тобы сейсенбі күні Израильдің Бейрут қаласының оңтүстік маңындағы әуе шабуылынан бір айдан астам уақыт бұрын қаза тапқан бас хатшы Хасан Насралланың орнына шейх Наим Касемді сайлағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Топқа жақын Al Manar телеарнасы жариялаған «Хезболланың» жазбаша мәлімдемесінде Шура кеңесі белгіленген таңдау механизміне сәйкес 71 жастағы Касемді бас хатшы етіп сайлағаны айтылған.

«Хезболла» мәлімдемесінде Касемнің бұл қызметке «Хезболланың» ұстанымдары мен мақсаттарына адалдығы» үшін таңдалғанын айтылды.

Насралланың немере ағасы Хашем Сафи ад-Дин бұған дейін «Хезболланы» басқаратын фаворит саналған, бірақ ол 27 қыркүйекте Насралла қаза болғаннан кейін көп ұзамай Израильдің Бейрутке жасаған соққысы кезінде мерт болды.

71 жастағы Касемді «Хезболладағы» екінші адам» деп атайды. Ол 1980 жылдардың басында бұл топты құрған және шейіттік саяси белсенділік танытқан дін ғұламаларының бірі.

Ол 2006 жылы топтың Израильге қарсы соғысынан кейін Насралла жасырын әрекетке көшкеннен кейін де «Хезболла» тобының көпшілік алдына шығуын жалғастырған ең жоғары лауазымды шенеунік болды.

1991 жылы топтың сол кездегі бас хатшысы Аббас әл-Мусави Наим Касемді «Хезболла» жетекшісінің орынбасары етіп тағайындады. Әл-Мусави келесі жылы израильдік тікұшақ шабуылынан қаза тапты.

Касем Хасан Насралла жетекші болған кезде өз орнын сақтап қалды және ұзақ уақыт бойы «Хезболланың» жетекші өкілдерінің бірі болды. Ол Израильмен шекарада соғыс жүріп жатқан соңғы бір жылда да шетелдік БАҚ-қа үнемі сұхбат беріп жүрді.

Насралла өлтірілгеннен кейін Касем теледидардан үш рет мәлімдеме жасап, соның бірінде, 8 қазанда бір сөзінде топтың Ливандағы атысты тоқтатуға қол жеткізу күш-жігерін қолдайтынын мәлімдеді.

Қасем 1953 жылы Бейрутте Ливанның оңтүстігінен келген мигранттар отбасында дүниеге келген. Оның саяси қызметі қазір «Хезболланың» одақтасы ливандық «Амаль» шейіттік қозғалысында басталды.

Израиль бұл тағайындауға қатысты пікір білдірді.

Израиль үкіметінің X әлеуметтік желісінде араб тіліндегі ресми аккаунтында «Хезболланың» жаңа басшысына қоқан-лоққы жасаған хабарлама жарияланды.

«Егер ол өзінен бұрынғы Хасан Насралла мен Хашем Сафиеддиннің ізімен жүрсе, оның бұл лауазымдағы қызметі осы лаңкестік ұйымның тарихындағы ең қысқа болуы мүмкін», - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, бұған дейін Израиль армиясы «Хезболла» жетекшісі Хасан Насралланың өлтірілгенін хабарлағанын жазған болатынбыз.