«Капсула жоспарланған ауданда, Арқалық қаласынан шамамен 82 шақырым жерге қонды», - деді ҰБО. Құтқарушы қызметтің ұшағы қонған аппараттың УКВ-таратқыш сигналын тауып, оны қону орнына жеткізген.
Жерге оралған ресейлік ғарышкер Максим Сураев, NASA астронавты Рид Уайзман мен Еуропалық ғарыш агенттігінің астронавты Александр Герст орбитада 170 тәулікке жуық уақыт жұмыс істеген. Қазіргі уақытта ХҒС бортында ресейлік ғарышкерлер Александр Самокутяев пен Елена Серова, сонымен қатар Сураевтың орнына ХҒС командирі болған НАСА астронавты Барри Уилмор қалды. 3 ұшақ пен 12 тікұшақ «Союз ТМА-13М» жерге оралуын қамтамасыз етті. Ан-12 және Ан-26 ұшақтары мен Ми-8 тікұшақтары аспанға көтерілді. Арнайы авиация көмегімен 6 іздеу-эвакуациялық көлік пен 14 көмекші техника тартылды. «Союз ТМА-13М» ғарыш кемесінің экипажы ХҒС-да «Прогресс» ресейлік жүк кемелерімен, еуропалық ATV-5 көлігімен, сонымен қатар ауқымды ғылыми бағдарламамен жұмыс жасады. Бағдарламаның ресейлік бөлігі ғана 40-тан астам тәжірибеден тұрды. Американдық бағдарлама бойынша бұл экипаж ХҒС-да болғанда 2 рет ашық ғарышқа шыққан. Оған Уайзман мен Уилмор ғана емес, сонымен бірге Герст те қатысқан. Жаңа экспедицияның экипажы ХҒС-ға 24 қарашада "Союз ТМА-15М" кемесімен Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылады. Бұл экипаждың құрамына ресейлік ғарышкер Антон Шкаплеров, американдық Терри Вёртс пен Еуропалық ғарыш агенттігінің астронавты Саманта Кристофоретти кіреді.