ХХ ғасырдағы ең жойқын жер сілкінісінің тарихы: Түркия Измиттегі зілзаладан неге сабақ ала алмады
Қазіргі таңда Түркияда 20 елден 40-тан астам іздеу-құтқару тобы жұмыс істеп жатыр. Қазақстан үкіметі жер сілкінісі салдарын жоюға Түркия мемлекетіне 1 млн доллар қаражат бөлді. Сонымен қоса бүгінде отандастарымыз Түркияның жер сілкінісі болған аймақтарында құтқару жұмыстарын жүргізуге атсалысуда. Дегенмен бұл біздің ел тарапынан Түркияға бірінші көмек емес, қазақстандықтар Измит қаласында 1999 жылы 17 тамызда 17 мыңнан астам адамның өмірін жалмаған жер сілкінісі кезінде де бірінші болып көмек қолын созған еді. Содан бері 17 тамыз да Түркия тарихындағы қаралы күндердің біріне айналды. Сондықтан да 1999 жылғы Измиттегі жер сілкінісіндегі адам шығыны, оның әлеуметтік-экномикалық салдары, апаттан кейін қолға алынған іс-шаралар жайлы материал дайындауды жөн көріп отырмыз.
Измиттегі жер сілкінісінде 17 мыңнан астам адам қаза тапты
Түркия жер сілкінісі жиі болатын сейсмикалық белсенді аймақта орналасқан. Мемлекет Африка және Еуразияның тектоникалық плиталардың жанасу нүктесінде орналасқандықтан, бұл жиі сейсмикалық белсенділікті тудырады. Сондықтан да Түркияда жер сілкінісі жиі болады, алайда сарапшылардың сөзінше, табиғи апаттарға дайындық жұмыстары ақсап тұр. Өйткені 1999 жылғы Измиттегі жер сілкінісінен сабақ алынбаған сияқты.
Мамандар биылғы 6 ақпандағы зілзаланы 1999 жылы Ыстанбұлдан шығысқа қарай 90 шақырым жердегі Измит қаласының маңында болған 7,7 магнитудалық жер сілкінісінен кейінгі ең жойқын апат деп отыр. Осыдан 24 жыл бұрын, яғни 1999 жылы тамыздың 16-сынан 17-не қараған түні Түркияда жергілікті уақыт бойынша сағат 03:02-де Мәрмәр теңізінің жағалауында 7,7 балдық жер сілкінісі болды. Бірінші дүмпуден кейін 45 секунд өткен соң 150 афтершок тіркелген. Жер сілкінісінің ошағы Ыстанбұлдан шығысқа қарай 90 шақырым жерде орналасқан өнеркәсіп өндірісі жақсы дамыған Измит қаласына жақын жерде болған еді.
Измит - Түркияның Мәрмәр аймағында, Ыстанбұлдан оңтүстік-шығысқа қарай 90 км жерде орналасқан және аймақтың ең ірі қалаларының бірі. Жер сілкінісі кезінде Измиттегі халық саны 300 мыңды құраған. Қала бірнеше ірі мұнай өңдеу зауыты мен мұнай-химия зауыты шоғырланған маңызды өнеркәсіп орталығы болған еді. Аталған зілзала Измит қаласын жермен-жексен етті. Соның салдарынан тек ресми мәлімет бойынша 17 мыңнан астам адам қаза тауып, 44 мыңға жуық адам жарақат алған болатын. Сондай-ақ 600 мыңнан астам адам баспанасыз қалды.
БҰҰ-ның Табиғи апаттар қаупін азайту жөніндегі басқармасының мәліметі бойынша, жер сілкінісінен зардап шеккен аумақ 31 250 шаршы шақырымды құраған.
Измиттегі жер сілкінісі Түркия экономикасына қалай әсер етті?
Мамандардың сөзінше, 1999 жылғы Түркияда болған жер сілкінісі ел экономикасын күйретіп кетті. Осы қайғылы оқиғадан соң Түркияның 1999-2000 жылдардағы ұлттық бюджетінде қаржы тапшылығы шамамен 3 миллиард долларды құрады. Ал жер сілкінісі келтірген шығын, алғашқы есептеулер бойынша, 25 миллиард доллардан асқан, бірақ кейінірек бұл сомаға тағы 5-7 миллиард доллар қосылғаны хабарланған-ды. Сонда келген шығын көлемі 30 млрд доллардан асып жығылады.
Кейін аталған жер сілкінісінің салдарын еңсеру үшін Түркия Халықаралық валюта қорынан (ХВҚ) 500 миллион доллардан астам қаржы сұраған болатын.
Бұдан бөлек, жер сілкінісі жергілікті 2,5 миллиард долларға бағаланған Түпрас мұнай өңдеу зауытын айтарлықтай шығынға батырды. Бұл Түркия мен Еуропадағы ең ірі мұнай өңдеу зауытының бірі болатын. Түпрас шикі мұнайдан бензин, дизель, авиакеросин және басқа да мұнай-химия өнімдерін өңдейді. Компания сонымен қатар бүкіл Түркияда жанармай құю станцияларының желісін басқарған. БҰҰ өз зерттеуінде аталған зауытқа қатысты былай деді: «1964 жылы Жапониядағы жер сілкінісінен кейін әлемде бірде-бір мұнай өңдеу зауыты соншалықты қатты зардап шеккен жоқ». Бүгінде аталған зауыт қалпына келтірілген.
Сонымен қоса жер сілкінісінің ошағы болған Измит қаласы Ыстанбұлға жақын болғандықтан, оның салдары елдің мәдени астанасын да айналып өткен жоқ. Сол кезде Ыстанбұл қаласы да жарықсыз қалған еді.
Жалпы 1999 жылғы зілзала тек Түркияға ғана емес, елмен шекаралас жатқан бірқатар мемлекетке де әсер етті. 2-3 балдық жер сілкінісі Анапа, Кишинев, Симферополь және Қырымның бүкіл Қара теңіз жағалауында сезілген.
1999 жылғы апаттан кейін құрылыс нормаларына талап күшейтілді
Түркияда жер сілкінісінің алдын алу және оның салдарын жоюға қатысты ережелер қатаң емес. Мамандардың сөзінше, Түркия 1939 жылғы тағы бір жойқын жер сілкінісінен кейін құрылыс саласындағы заңнаманы күшейткенімен, алайда заңнамада норма бар деген оның міндетті түрде орындалатынын білдірмейді. Кейбір сарапшылардың айтуынша, оқшауланған аймақтарда тұратындар мен үкімет мойындамаған қызметпен айналысатын халықтың осал топтары заңнамада қамтылмаған. Бірқатар сарапшылар зілзала кезінде құлаған ғимараттардың басым бөлігі ұзақмерзімді тәуекелдерді ескермей тұрғызылғанын айтып жатыр.
Фото: wikipedia.org
БҰҰ зерттеуіне көз жүгіртейік, онда былай делінген: «Түркия халық санының жылдам өсуі және қалалық елді мекендер мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың осал аймақтарда көптеп ашылуы сынды проблемалармен бетпе-бет келіп отыр. Бұл адам мен материалдық шығындардың көп болуына әкеп соқтырады, сондай-ақ қоршаған ортаның ластану қаупін арттырады. Осындай мәселелердің салдары Измиттегі жер сілкінісінің алғышарты болды». Сонымен қоса аталған халықаралық ұйым 1995 жылы Измит аймағында жүргізілген зерттеуге сілтеме жасап, егер алдын алу шаралары қабылданғанда, 1999 жылғыдай адам өлімі де, экономикалық шығын да болмайтын еді дейді.
Қазіргі таңда Түркия аймағында салынатын ғимараттардың құрылысына қатысты жаңа нормалар бар. Олар – құрылыс нормаларын реформалау, жер сілкінісі болу ықтималдығы жоғары аймақтарды анықтау, тәуекелдерді азайту және төтенше жағдайларды басқару, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, халықты ақпараттандыру және білім беру. Дегенмен осының бәріне қарамастан, жер сілкінісі әлі де елге айтарлықтай қауіп төндіріп отыр.
Фото: Serdar Timur, wikipedia.org
Зерттеу 2030 жылға дейін Түркияда жойқын жер сілкінісі қайталануы мүмкін екенін көрсеткен
Жүргізілген зерттеу бойынша, 2030 жылға дейін Түркияда жер сілкінісі болу ықтималдығы жоғары екені айтылған. Нақтырақ айтсақ, Ыстанбұл қалалық әкімшілігі мен Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің 2008 жылы жариялаған зерттеуіне сүйенсек, Түркиядағы Измит оқиғасы алдағы 20 жылда, яғни 2030 жылға дейін тағы да қайталануы мүмкін екені жазылған. Зерттеуде түрік жерінде 7,5-7,7 балдық жер сілкінісі болуы мүмкін екені ескертілген. Онда 70-90 мың адам қайтыс болуы мүмкін екені, сонымен қоса 1 млн-нан астам адамның баспанасыз қалуы мүмкін екендігі жазылған.
1999 жылы қазақстандықтар құтқару жұмыстарын қалай жүргізді?
1999 жылы Түркиядағы жер сілкінісі кезінде әлемнің 30-дан астам мемлекеті көмекке келді. Алғашқылардың бірі біздің отандастар еді. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлерінен тұратын ҚР Төтенше жағдайлар агенттігінің жедел-құтқару тобы 1999 жылғы 19-28 тамыз аралығында Дегирмендере қаласында құтқару жұмыстарын жүргізді. Құтқару жұмыстары кезінде қазақстандықтар үйінді астынан бір баланың өмірін аман алып қалды, сонымен қатар 55 қайтыс болған адамның денесін шығаруға атсалысқан. 300-ге жуық жергілікті тұрғынға медициналық көмек көрсетілген. Зардап шеккен отбасыларға азық-түлік таратқан.
Бұдан бөлек Түркия Республикасының медициналық қызметіне 500 келі дәрі-дәрмек берілген. Ерекше қауіпті жағдайларда құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде басқа елдердің құтқарушылары арнайы техникамен және арнайы техникамен көмектескен.
Фото: ТЖД
Сол кезде құтқару жұмыстарын жүргізген ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ардагері Валерий Петров Дегирмендере қаласы айтарлықтай қирап, жұрт шатырда, көлікте, көшеде тұрып жатқанын еске алды. Оның айтуынша, қалада электр жарығы, су болмаған. Сондай-ақ кәріз бен байланыс та жұмыс істемеген.
Валерий Петров алғашқы күні қазақстандық құтқарушылар үйлесімді жұмыс ұйымдастырғанын, оларға жергілікті тұрғындар мен басқа елдерден келген еріктілер түрлі сұрақтармен хабарласа бастағанын айтып өтті.
Төтенше жағдайлар министрлігінің ардагері құтқару жұмыстары басталғаннан бері үйінді астынан барлығы 55 адамның мәйіті шығарылғанын, зардап шеккен 250-ден астам адамға медициналық көмек көрсетілгенін атап өтті. Оның айтуынша, Түркия билігі қазақстандықтардың еңбегін жоғары деңгейде бағалап, көмек көрсеткені үшін алғыс айтқан.
Жалпы Түркия мемлекеті жер сілкінісі жиі болатын аймақта орналасқанын жоғарыда атап өттік. Дегенмен зерттеулер мен сарапшылардың сөзіне сүйенсек, тиісті іс-шараларды қолға алу арқылы оның салдарын жеңілдетуге болатын еді. Олардың сөзінше, бұған дейін елде құрылыс нормалары қатайтылғанымен, заң әлі күнге дейін тиісті деңгейде орындалып отырған жоқ. Сондықтан да болар, мамандар түріктердің 1939 жылғы, 1999 жылғы табиғи апаттардан сабақ алмағанын айтуда. Өйткені күні кешегі жер сілкінісінен қаза тапқандар саны соңғы деректер бойынша, 31 мыңнан асты. Дегенмен қираған үйлер әлі де тазартылып жатқандықтан, бұл сан әлі көбеюі мүмкін. Ал зілзала әсер еткен елдің 10 қаласында 170 мың ғимарат қирап, 25 мыңнан астамы жермен жексен болған. Мамандар мұның бірден-бір себебі жемқорлық екенін айтуда. Қазіргі таңда Түркия үкіметі жер сілкінісі кезінде ғимараттардың қирауына байланысты 113 адамды қамауға алуға ордер берді. Мәселен, Түркияның Хатай провинциясында жер сілкінісінен кейін толығымен қираған Rönesans Rezidans тұрғын үй кешенінің бас сәулетшісі елден қашпақ болған кезде Ыстанбұл әуежайында ұсталған.
Фото: aa.com.tr
Дегенмен халық 30 мыңнан астам адамның өмірін қиған жер сілкінісінің себеп-салдары түпкілікті зерттеліп, кінәлілер тиісті жазасын алатынына үміт етіп отыр...
Басты фото: Sergei Chirikov / AFP